Abstract
Мақалада математика сабақтарында STEM (ғылым, технология, инженерия, математика) білім беру тәсілі негізінде контекстік есептерді қолдану арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту мәселесі теориялық-дидактикалық тұрғыдан қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – практикалық мазмұнды контекстік есептерді оқу процесіне кіріктірудің әдістемелік негіздерін айқындау және олардың тиімділігін PISA халықаралық бағалау жүйесінің когнитивтік процестері (тұжырымдау, қолдану, пайымдау, бағалау) аясында талдау. Зерттеу аясында іріктелген үш контекстік есепке мазмұндық-когнитивтік талдау жүргізіліп, олардың PISA танымдық процестерімен, STEM пәнаралық компоненттерімен және Қазақстан Республикасының оқу мақсаттарымен өзара байланысы анықталды. Нәтижесінде, аталған тапсырмалар оқушының тек есептеу дағдыларын ғана емес, функционалдық сауаттылыққа тән толық ойлау тізбегін қалыптастыратыны дәлелденді. Зерттеу нәтижелері бойынша екі есептің PISA шкаласының 3–4 деңгейіне, ал күрделі модельдеуді талап ететін «Бактериялар популяциясы» есебінің 5 деңгейге сәйкес келетіні анықталды. Сонымен қатар, оқушылардың негізгі қиындықтары есептеу кезеңінде емес, контексті тұжырымдау, математикалық модель құру және нәтижені дәлелді негіздеу кезеңдерінде туындайтыны айқындалды.