Abstract
Мақаланың мақсаты – арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА) қалыптасуы мен жұмыс істеуінің теориялық және практикалық негіздерін кешенді түрде талдау, сондай-ақ олардың ХХІ ғасырдағы ұлттық экономикалардың тұрақты дамуына ықпалын бағалау. Әдістер – зерттеу барысында диалектикалық, жүйелік талдау, салыстырмалы талдау, дерексіз-логикалық жалпылау, статистикалық деректерді өңдеу және халықаралық тәжірибені зерделеу әдістері қолданылды. Нәтижелері – әлемдік тәжірибеде арнайы экономикалық аймақтардың таралу динамикасы талданып, олардың санының 1980 жылдардың соңынан бастап айтарлықтай өскені анықталды; дамыған және дамушы елдердегі АЭА қызметінің ерекшеліктеріне салыстырмалы талдау жүргізілді; АЭА-ның инвестиция тарту, экспортты ынталандыру және өңірлік дамуды жеделдетудегі рөлі негізделді; сондай-ақ олардың экономикалық саясаттағы басым құралдардың бірі ретінде қалыптасқаны көрсетілді. Қорытындылар – арнайы экономикалық аймақтар қазіргі жаһандық экономикада тиімді институционалдық құрал ретінде танылып, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, инвестициялық белсенділікті арттыруға және елдердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ықпал ететіні анықталды. Сонымен қатар, АЭА-ны тиімді дамыту үшін ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, институционалдық және басқарушылық тетіктерді жетілдіру қажеттілігі негізделеді.