Abstract
Абайтану ғылымы бүгінгі күнге дейін әр қырынан жан-жақтылы зерттеліп келді. Абайдың асыл мұралары арада қанша ғасыр өтсе де өз құндылығын жоғалтпасы анық. Абай әлемін зерттеу барысында, ой талқысына салынған, көңіл таразысына түскен еңбектері әруақытта жаңа қырынан танылып, байқалмаған бөгенайын көрсетіп отырады. Әр заманға өз өрнегін салып, жаңаша сөйлейді. Бүгінгі заманның тілімен айтқанда дамыған XXI ғасыр тұсында, өткен ғасырдың елеулі еңбектері жаңаша бағыттың, тың жүлгенің айқын көзі, қордалы қайнары болып отыр. Платон, Аристотель, Әл-Фарабиден бастау алған адам жаратылысы, дүниетанымы жайлы ғылымдардың жалғасы болған Абай танымы тарих таңбасына, ұлттың ақыл-ой бедеріне айналды. Адамзат үшін сарқылмас адамгершілік ілімінің көзін ашқан Абай еңбектері абсолюттік мораль теориясы болып табылады. Абай шығармаларының негізгі өзегі – әділдік, ақиқат ғұмыр, адамдық. Ол сол үшін де өміршең.Абай еңбектері – адами құндылықтардың нарқы кеміп, бәсі арзандаған заманның таптырмас жан дауасы. Онда бір заманның ғана емес тұтас дәуірдің кейіп-кеспірі бедерленген. Абайдың рухани мұрасы зерделеу-зерттеуден кенде емес екені баршамызға мәлім. Дегенмен де, өткен заманның сыңаржақ саясаты елiмiздiң егемендік алғанына дейiн Абайдың ұлылығын толық ашуға тосқауыл койды. Өз саясатының ығына жығып қана қоймай ақиқатқа құрылатын ғылымның арнасын өзгертіп жіберді. Сондықтан Абай мұрасының зерттелуi жан-жақты өріс ала алмай, қанат жайып салаланбай белгiлi бiр шеңберде ғана өрбігені белгілі.