Abstract
Өзектілігі. Барлық медициналық мамандықтардың ішінде анестезиология және реанимация ең көп жауапкершілікті талап ететін мамандықтардың бірі болып саналады. Қазіргі таңда Қазақстанда медициналық кадрлардың тапшылығы штаттық бірліктер санының 5 пайызын құрайды. Зерттеу әдістемесі. Бұл мақалада 2003-2022 жылдардағы денсаулық сақтау ұйымдарының қызметі және Қазақстан Республикасы халқының денсаулығының көрсеткіштері бойынша Статистикалық материалдар жинағының деректері негізінде талдау жүргізілді. Қазақстан Республикасы тұрғындарын анестезиолог-реаниматологтармен қамтамасыз ету көрсеткіші және оның динамикасы зерттелді. Зерттеу нәтижелері. 2003–2022 жылдардағы динамика бойынша анестезиолог-реаниматологтар саны 56,7%-ға ұлғаю тенденциясына қарамастан, халық санының өсуіне байланысты ірі қалаларда қамтамасыз ету көрсеткіші әлдеқайда төмендегені байқалады. Халықты анестезиолог-реаниматологтармен қамтамасыз ету көрсеткіші 2013 жылы республика бойынша тұтастай алғанда 10 000 тұрғынға шаққанда 1,3 құрады және жиырма жылдық динамикада бойынша шамамен сол деңгейде қалды (2022ж. – 1,5). Қорытынды. Денсаулық сақтау саласының кезек күттірмейтін міндеті – медициналық кадрлардың, яғни алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрігерлердің де, мамандандырылған мамандардың да тапшылығы мәселесін шешу. Осыған орай, елімізде анестезиолог-реаниматологтардың тапшылығын жою бойынша шаралар қажет.