Abstract
Мақалада ежелгі үнді және байырғы грек жерінде, бастапқыда дін, миф, ғылым араласқан, кейіндеп таза ақыл-ойға негізделген теориялық философия қалыптасқандығы негізге алынды. Бұл үрдістен түрік халықтарының да, соның ішінде қазақ жұртының да шет қалмағанын, әсіресе кейінгі кездерде жарық көрген ғылыми ізденістер дәлелдейтіндігі көрсетіліп, ауыз әдебиеті мен фольклор халықтық таным негіздерін бойға сіңіру арқылы әрбір адамның өмір жайлы ұшқыр қиялдарға беріліп, дүние болмысы туралы дербес ойлай алатын қабілеттерін дамытқандығына талдаулар жасалды. Халықтың көшпелі өмір-салтына негізделген тұрмыс-тіршілігі де дархан ойдың кемелдігіне жағдай жасағандығы туралы шолу жасалып, ежелгі грек жұрты мен қазақ халқының – дүние, болмыс, адам, қоғам, табиғат, өмір жайлы таным-түсініктері мен ой-толғамдарының терең байланысып, сабақтасып, үндесіп жатуының бірқатар тарихи-мәдени жағдайымен қатар, кездейсоқ сәйкестік те еместігі зерттеушілер Әуезхан Қодар, Сейіт Қасқабасов және Сағади Бөлекбаевтың типологиялық талдау, биогенетикалық заң және сананың өзгерген күйін зерттеу тұжырымдамалары негізінде, бұл мәдениеттер арасындағы байланыстың белгілі бір тарихи кезеңмен ғана шектеліп қалмай, әрбір жаңа ұрпақтың санасында жаңғырып отыратын, уақыт пен кеңістік аясынан тыс сипатта жүретін үздіксіз үдеріс екендігі пайымдалады. Екі халықтың да дүниедегі сан алуандық пен көптүрлілік мәнін өздерінің мифологиялық танымында алғашқылардың бірі болып, жалпылауға, жіктеуге, жүйелеуге талпыныс жасалып, солардың нәтижесінде өзін және айнала дүниені, өмір мәнін ұғымдық ойлау мен көркем мәндік универсалиялар негізінде танып-түсіну, зерделеу қалыптасқаны тұжырымдалады