Abstract
Қазақ әдебиетінің сүйекті саласы – ұлттық драматургия қазіргі таңда жаңаша қарқынмен өрістеп келеді. ХХІ ғасыр драматургиясы өзіне дейінгі көркем шығармашылықтың қол жеткізген мұраларынан мол сусындай келе, заман талабына сай жаңашылдыққа деген ұмтылысымен ерекшеленіп отыр. Жиырма бірінші мыңжылдықтың алғашқы он жылдығында әдебиет пен өнер үдерісінде өнімді еңбек еткен қарымды қаламгер Рахымжан Отарбаев ұлттық драматургияның ғана емес, театр өнерінің дамуына ерекше үлес қосты. Отарбаев драматургиясының өзіндік болмысын байқататын басты артықшылығы бұрын көп қозғалмаған тақырыптарға батыл барған. Ол өз драмаларында қоғамдық-рухани кеселдерді және әлеуметтік мәселелерді жан-жақты көтерді. Сондықтан оның тарихи-әлеуметтік драмалық шығармалары еліміздің маңдайалды театрларының репертуарында жиі кездеседі. Зерттеудің мақсаты: «Бас» драмасын талдау негізінде Рахымжан Отарбаевтың заман бейнесін жеткізудегі драматургиялық шеберлігін және ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі ізденістерін саралау. Міндеттері: өткен тарих пен бүгінгі заман арасындағы нәзік байланысты көрсете білген драматургтың суреткерлік шеберлігіне баға беру; сондай-ақ, аталмыш пьесаны постотаршылдық теория негізінде зерделей отырып, оның драматургиясына тән поэтикасы мен таным биігін, көркемдік әлемінің жасампаздық астарын ашу, сонымен қатар, қаламгердің драматургиялық тәсілдерін талдап, драма өнерін дамытудағы орны мен ролін бағалау. Зерттеу нәтижесінде қаламгер шығармашылығының, соның ішінде, драмалық туындыларының құндылық мәртебесі ашылып көрсетіледі. Автордың қазақ мәдениеті кеңістігіндегі құбылысын, даралық сипатын теориялық тұрғыда негіздеп, қазіргі постотаршылдық елдердегі драматургияның дамуы мен оның поэтикасын анықтайды. Ғылыми мақалада драматургтың «Бас» пьесасы өнертанушылық-театртанымдық зерттеу тәсілдерімен талданды.