Abstract
Мақалада сахналық бейне сомдау үдерісі туралы сөз қозғалады. Кезінде осы мәселенің теориялық жағын зерттеп, сахналық тәжірибелерімен ұштастыру арқылы, өздерінің әдіс-тәсілдерін ұсынған атақты режиссерлер, актерлер, белгілі ұстаздар К.С.Станиславскийдің жүйесіне, М.Чеховтың тренингтеріне, В.Мейерхольдтың биомеханикалық, Ута Хагеннің актерлік техникаларына шолу жасай отырып, олардың сахналық бейне сомдаудағы негізгі қағидаларының бір-бірінен айырмашылығы, ұқсастықтары, ерекшеліктерін талқылау басты назарға алынды. Бүгінгі күні Республикамызда өзіндік қолтаңбаларымен белгілі, театр өнерінің әрі қарай дамуына елеулі үлес қосып жүрген белгілі режиссерлер және актерлеріміздің, өзіміздің актерлік, ұстаздық қызметіміз нәтижесінде жылдар бойы жинақталған сахналық бейне сомдаудың өзекті мәселелері туралы ой-түйіндерімізді сараптау және оны оқытудың әдіс-тәсілдерін нақты мысалдар арқылы жүзеге асыра отырып, атақты ұстаз, ғалым К.Ушинскийдің принциптері негізінде оқу үдерісіне енгізу мәселелері - біздің негізгі мақсатымыз. Сахналық бейне сомдау – театр өнері туындаған уақыттан бері зерттеу және әдістемелік тұрғыдан алып қарағанда, әлі нақты шешімін таппай келе жатқан, күн тәртібінен түспеген, әлі де түспек емес мәселе. Себебі, ол әр актердің жеке ерекшелігіне, дәуірлік кезеңдерге байланысты үздіксіз қозғалыста болып отыратын мәңгілік, өмірлік тақырып. Отандық актерлік өнер саласына оқытудың бұл жүйелендірілген қағидасын ендіру 2024-2025 оқу жылына жоспарланып отыр. Аталған дидактикалық қағидаларды актерлік білім беру жүйесіне ендіру жаңа көзқарас, жаңа бағыт әкеледі деп ойлаймыз.