Abstract
Мақалада 2022-2023 жылдардағы күздік бидай сорттары өнімділігінің құрылымдық элементтер және дән сапасымен байланысы туралы зерттеу нәтижелері келтірілген. Сорттың өнімділігі тек шаруашылық белгілерге ғана емес, сонымен қатар өнім құрылымы элементтеріне, өнімді сабақтарға, масақтағы дәндердің санына, масақтағы дәннің массасына, 1000 дәннің массасына байланысты. Сорттардың өнімділік деңгейі осы өнімділік элементтерінің үйлесуіне байланысты. Оларды күздік бидай өсімдіктерінің өнімділігін арттыру үшін сұрыптау шарты ретінде пайдалануға болады. Өнімділік пен бір масақтағы дән саны, негізгі масақтағы дән массасы, негізгі масақтың ұзындығы және 1000 дәннің массасы арасындағы статистикалық сенімді айырмашылықтар анықталды. Өнімділікті анықтайтын элементтер бір-бірімен де, дән өнімділігімен де өте күрделі корреляциялық байланыста болады. Зерттеу жылдарындағы жоғары оң корреляциялық байланыс өнімділік пен келесі құрылымдық элементтер: масақтағы дәндер саны (r = 0,8), масақ дәндерінің массасы (r = 0,8), 1000 дәннің массасы (r = 0,9) және масақтың ұзындығы (r = 0,6) арасында көрінді. Сонымен қатар, күздік бидайды салыстырмалы қолайлы ауа райы 2022 жылы өсіргенде өнімділіктің құрылымдық элементтері жоғары нәтижені көрсетсе, 2023 жылы құрғақшылық әсерінен бұл көрсеткіштер айтарлықтай төмен болды. Одан атмосфералық құрғақшылық және топырақта ылғалдың жетіспеушілігі – өнімділік пен оның құрылымдық элементтерінің көрсеткіштеріне кері әсерін тигізеді деп қорытынды жасауға болады.