Abstract
Мақалада айтыс жанрының зерттелу барысы, бұрынғы және қазіргі айтыс өнерінің қалыптасуы мен дамуына ақын әйелдердің қосқан үлесі мен алатын орны сараланады. Бұл орайда белгілі түркістандық суырыпсалма ақын Тәушен Әбуованың айтыстары негізге алынып қарастырылады. Тәушен Әбуованың әдеби мұрасы бұрын-соңды толық зерттеу нысанына алынбағандықтан, ақынның Youtube желісінің қоры мен айтыс жинақтарында (антологияларда) жарияланған сөз жарыстары негізге алынады. Яғни ақынның Шайқым Қасымбековпен, Көпбай Омаровпен, Манап Көкеновпен, Тұрғанбай Егізбаевпен, Тұрар Байсариевпен, Әшірат Мұсаевпен,Қалихан Алтынбековпен, Ермек Омаровпен, Мұхамбетқали Тұрсановпен, Ыдырыс Иманбердиевпен айтыстары зерделенеді. Айтыскердің жұп болған айтыскерлерімен сөз додаға түскен сәттегі ұтымды ойлары мен қағытпалары байыпталады. Әрі тарихи-әлеуметтік, қоғамдық, саяси, әдеби мәселелерге байланысты өміршең тақырыптарды негізгі нысанға ала отырып, кейінгі жастардың тәлім-тәрбиесіне, отбасы құндылықтарын қастерлеп, жас ұрпақтың тарих пен әдебиетті сабақтастықта танып, ұлттық болмысты айырылмауды үндеген айтыс мәтіндеріндегі қастерлі ойлары зерделенеді. Айтыс тарихындағы қазақ қыздарының сара жолын көркемдік тұрғыдан құнды айтыстарымен жалғастыра білгені, айтысқа қойылатын талаптар мен міндеттерді ұстанып, қазіргі айтыс тарихында өзіндік ізі мен қолтаңбасын қалдыра білген өнегелі өміріне тоқтала келе, жалпы қазақ айтысының тарихындағы Тәушен ақынның орны мен үлесі айқындалады. Ақынның айтыстары тақырыптық-идеялық, мазмұндық, көркемдік ерекшеліктері тұрғысынан талданады.