Abstract
Ақпарат пен технологияның қарқынды дамуымен сипатталатын ХХІ ғасыр контекстінде заманауи аудио және визуалдық контенттің көбеюіне байланысты көптеген күрделі мәселелер туындайды. Әлемдік қоғамда, соның ішінде Қазақстанда да, интернет саласында белсенді бәсекелестік байқалады, оның барысында аудио-визуалдық контент пайда да, зиян да әкеледі. Осыған байланысты, мақаланың мақсаты аудио-визуалдық контенттің қоғамда құндылықтар қалыптастырудағы рөлін саралау болып табылады, себебі құндылықтар жүйесі заманауи медиа кеңістіктің заңдылықтары арқылы қалыптастырылады. Зерттеу барысында осы заңдылықтардың мән-мағынасын ашатын боламыз. Бұл зерттеуде, негізінен, бақылау мен контент талдау әдістері қатар қолданылды. Бақылау әдісінде ақпарат субъектілердің жауаптарына жүгінбей-ақ, тікелей бақылау арқылы жиналса, контентті талдау ауызша материалдардың табиғатын зерттеудегі орталық әдіс болып табылады. Қазақ медиа кеңістігінде озық технологияларды пайдалана отырып, рухани құндылықтарды ілгерілету және олардың бағыттарын талдау мақсатында әртүрлі салаларда аудио-визуал контент жасауды және оның құндылықтарын қалыптастыру мәселелерінде аса сақтықпен қарау қажеттілігін көрсетеді. Зерттеуде қолданылған әдістер мен нәтижелер білім беру және ғылыми мекемелер үшін пайдалы болуы мүмкін.