Abstract
ХХ ғасырдың 40-жылдарындағы КСРО халықтарын күштеп қоныс аударту мәселелерін неміс және шешен халықтарының мысалында зерттеу, олардың Шығыс Қазақстан аумағындағы арнайы қоныстану орындарында тұруы, депортацияланған халықтардың құқықтық жағдайы қазіргі таңдағы өзекті тарихи мәселелердің бірі болып табылады. Мақаланың мақсаты - соғыс кезінде және соғыстан кейінгі уақытта Қазақстанның шығыс аймағына депортацияланған халықтардың арнайы қоныс жағдайында тұру процесін айқындап ашу. Арнайы қоныс аударылғандардың қоныстану және тұру жағдайларына, олардың материалдық-тұрмыстық қамтамасыз етілу проблемасына ерекше назар аударылды. Соғыс уақытында мемлекет мобильді және арзан жұмыс күші ретінде пайдаланған тұтқындар құқығында болған арнайы қоныс аударылғандардан «еңбек армиясын» құру мәселесі де қарастырылды. Арнайы қоныс аударылғандарға қатысты адам құқықтары мен бостандықтарының іске асырылуына талдау жасалынды. Дереккөз ретінде авторлар Абай облысының Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының (бұдан әрі ҚЗТҚО) мұрағат қорларын және Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағатының (бұдан әрі ШҚОММ) құжаттарын зерттеді, бұл арнайы қоныс жүйесі жағдайында депортацияланған халықтардың өмірін зерттеу аспектілерін кеңейтуге мүмкіндік берді.