Abstract
Мақалада Қазақстанның оңтүстік-шығысы ашық қара-қоңыр топырағының қоректік элементтер динамикасына жоңышқа дақылының әртүрлі сорттарына берілген фосфор тыңайтқыштарының әртүрлі мөлшерінің әсерін бақылау нәтижелері көрсетілген. Жұмыс барысында фосфор тыңайтқыштарының әсерін бақылайтын негізгі факторлар, яғни топырақ құрамындағы қоректік элементтердің мөлшері мен оның жоңышқа дақылының өнімділігіне әсері анықталды. Фосфор тыңайтқыштарының жоңышқа сорттарына тиімділігін зерттеу жұмыстары республикамыздың оңтүстік-шығысының суармалы топырақтарында жүргізілді. Бұл аймақта табиғи құнарлығы төмен кәдімгі және ашық сұр, сонымен қатар ашық қара-қоңыр топырақтар таралған. Республикалық агрохимиялық орталықтың соңғы уақыттарда жүргізген зерттеулеріне сүйенсек аймақтың жыртылатын суармалы топырақтардың 97,4% органикалық заттар құрамы төмен дәрежеде екені және 99,3% жерлер өсімдікке тиімді азотпен төмен дәрежеде қамтамасыз етілгені және ол жерлердің жартысы жылжымалы фосформен орташа деңгейде қамтамасыз етілгіні анықталған. Аймақтың суармалы топырақтары калиймен жоғары дәрежеде қамтамасыз етілген, сондықтан оларды қалиймен тыңайту қажет етілмейді. Суармалы ашық қара-қоңыр топырағында тыңайтқыш қолданбаған нұсқаларда жоңышқаның көктеу кезеңі бойынша нитратты азот мөлшері 50,4-55,8 мг/кг аралығын қамтыды. Сонымен қатар, вегетациялық кезеңдері бойынша бастапқы кезеңінен соңғы кезеңдеріне қарай нитратты азоттың жоғарылайтындығы байқалды. Зерттелінген сорттардағы нитратты азоттың мөлшері бірінші орымда 50,0-60,0 мг/кг болса, 4- ші орымнан кейін оның мөлшері айтарлықтай 65,0-70,4 мг/кг-ға дейін жоғарылағандығы анықталды. Зерттелген топырақтарға енгізілген фосфор тыңайтқыштары топырақтың жылжымалы фосфор мөлшеріне тиімді әсер етті. Бақылау нұсқаларындағы жылжымалы фосфордың мөлшері зерттелінген сорттар бойынша көктеу кезеңінде 25,8-28,0 мг/кг аралығында өзгеріп, форфордың орташа қамтамасыз етілу дәрежесін көрсетті. Ал, 60 кг/га фосфор тыңайтқышын пайдаланған нұсқада барлық сорттар бойынша 2,0-2,8 мг/кг дейін, 90 кг/га енгізген нұсқада 6,9-9,7 мг/кг дейін жоғарығаны белгілі болды.