Abstract
Мақалада қазіргі білім берудегі педагог тілінің лингвоэкологиясы талданған. Тіл – ұстаздың негізгі қаруы. «Педагог - білімгер» қарым-қатынсында тілдік ортаның саламатты болуы, нәтижесінде білімгерлердің физикалық, психикалық саулығының сақталуы аса маңызды. Ол үшін әр педагог лингвоэкологиялық құзыреттілікке ие болуы тиіс. Мақалада лингвоэкологиялық құзыреттілік, саламатты емес қатысым, тілдік агрессия сынды негізгі ұғымдарға түсінік берілді. Педагог пен білімгер қарым-қатынасына қатысты ғылыми тұжырымдар талданып, педагогтың дискурсивті қызметін анықтайтын құндылықтық қағидалар анықталды, олар жеке-жеке сипатталды. «Педагог пен білімгер» қатынасында бағалауыштар маңызды қызмет атқарады. Білімгерлермен жұмыс барысында орынды қолданылған бағалауыш білім берудегі тиімділікке, ал орынсыз қолданылған бағалауыш психологиялық ахуалды бұзуға алып келеді. Сондықтан білімгерлер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша педагогтар қолданатын бағалауыш сөздерге талдау жасалды. «Педагог - білімгер» қатынасындағы тілдік агрессия көрінісіне мысалдар келтіріліп, оның тигізетін зардаптары қарастырылды. Сонымен қатар, «педагог – білімгер» арақатынасындағы келіспеушілік пен тілдік агрессияның алдын алудың шаралары ұсынылды. Атап айтқанда, бағалауыш сөздерді жағдаятқа сәйкес талғап қолдану, ынталандыратын сөздерді жиі пайдалану, дауыс ырғағына мән беру; ым-ишара әрекеттерін ескеру; оқушыны басқа балалармен салыстырмау; дөрекі сөз қолданбау. Педагог тілдік қатысымда тілдік ортаның саламаттығын сақтап, оған қатысушылардың адамгершілік сезімін таптамауға, қоғамдық, моральдық-этикалық қағидаларын бұзбауға тиіс. Нәтижесінде білім беруде жағымды жағдай орнайды, білім беру тиімділігі де артады, білімгерлердің рухани-интеллектуалды, шығармашылық тұрғыда дамуына да ықпал етеді. Мақала AP08053050 – «Қазақстан Республикасында лингвоэкологиялық білім беру моделін қалыптастыру: теориясы мен тәжірибесі» атты жоба аясында жазылды.