Abstract
Жылжымалы құрамның өзгермелі пайдалану шарттары вагонға, тасымалданатын жүкке және теміржолға динамикалық әсерді төмендету бойынша іс-шараларды жасап шығару мәселелесін қиындатады. Бірақ, вагон мен локомотивке әсер ететін көптеген күштер жақсы зерттелген. Жалпы жағдайда осы күштердің қарқындылығы, сипаты, орны және жиілігі кездейсоқ өлшемдер болып табылады. Алайда, елеулі және ортақ жағдайларды айта отырып, мұндай күштерді жіктеуге және олардың өзгеру шектерінің берілген ықтималдықтарын анықтауға болады. Мақалада тасымалданатын жүктер мен жүк вагондарының шанағы параметрлерінің әсері және олардың қозғалыс процесіндегі динамикасына зерттеу жүргізілді. Жылжымалы қатты жүктері бар вагондардың негізгі есептеу сызбаларына талдау жасалды. Жүргізілген зерттеулер жүктің қозғалғыштығы вагонның жүру сапасына айтарлықтай әсер етуі мүмкін екенін анықтады. Теміржол экипаждарының динамикалық сапасына қатты жүктердің әсер ету механизмі тік қозғалғыштығы бар жүк вагоны мысалында қарастырылған.