Abstract
Кез келген мемлекеттің жер ресурсы оның ұлттық байлығы. Жер дегеніміз жалпы қоғам өмірінде, қажетті материалдық жағдайлар арасында басты орында алады, ол экономикалық қызметтің барлық аясында маңызды функцияларды орындайды. Жер учаскелерінің кадастрлық құнының республика қалалары үшін маңызы зор. Кадастрлық (бағалау) құны - мемлекет жер учаскесін немесе оны жалға алу құқығын сатқан кезде қолданылатын, инфляцияның жалпы деңгейі туралы ресми статистикалық ақпаратқа сәйкес кезең-кезеңімен нақтыланатын жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкалары және оларға түзету коэффициенттері негізінде айқындалатын жер учаскесінің есептеу құны [1]. Талғар қаласы – Алматы облысы Талғар ауданының орталығы. Алматы қаласынан арақашықтығы: 25 км; облыс орталығы Қонаев қаласынан арақашықтығы: 83 км [2, 3]. Бүгінгі күнде жерді бағалаудың қажеттілігі жер қатынастарының өзгеруіне және жерді, жер пайдалану құқығын сату-сатып алу мүмкіндігінің пайда болуына байланысты өсуде. Ауыл шаруашылық жерлерді тиімді пайдалануды ұйымдастыру негізінде жерді экономикалық бағалау жалпы мемлекеттік жер кадастрының құрам бөлігіне кіреді. Жер учаскелерінің сапасы әр түрлі болғандықтан, олардың әр қайсысына жұмсалған бір көлемдегі еңбек әртүрлі өндірістік нәтиже береді. Бұл жағдай өндірісте ауыл шаруашылық жұмыстарын жүргізу көрсеткіштеріне әсерін тигізеді. Сондықтан жер – кез келген өзге өндіріс құрамы сияқты өзінің өндірісік қабілетіне сай бағалануы тиіс. Топырақ пен жер ресурстары мемлекеттік қорғау және ұтымды пайдалану шараларын едәуір қысқарта отырып, табиғи ресурстарды, оның ішінде ауыл шаруашылығын ұтымсыз пайдаланудың жалғасуы жердің тозу процестерінің көрінісін одан әрі шиеленістіре түседі [4]. Мақалада қарастырылатын басты сұрақтарды негізге ала отырып, Талғар ауданы бойынша барлық жерді кадастрлық бағалау жұмыстары қалай іске асырылатыны туралы және өзіне тән қандай мақсаттары мен міндеттерді қамтитынына баса назар аудара отырып, жеке-жеке көрсетілді. Сонымен қатар Талғар ауданының соның ішінде Талғар қаласының елді мекен жерлерін кадастрлық бағалау және ауыл шаруашылық жерлерін кадастрлық бағалау қандай жолмен жүзеге асырылатыны қарастырылды.