Abstract
Зерттеу мақсаты топырақтың бағалық көрсеткіштерін ескере отырып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді кадастрлық бағалауды жүргізу болып табылады. Топырақты бағалау-бұл топырақтың құнарлылығы үшін оның сапалық жағдайын бағалау. Осы процедураның нәтижелері бойынша мамандар әр түрлі шаруашылық түрлеріне топырақтың жарамдылығын сақтау бойынша ұсыныстар әзірлейді. Бұл әдістеме Қазақстан үшін жаңа, өйткені кадастрлық бағалау кезінде топырақты бағалау нәтижелері ескерілмейді, топырақты бағалау деректері ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге салық салу кезінде ғана ескерілді. Елде ауыл шаруашылығы жерлерін кадастрлық бағалау және оларға салық салу бөлек жүргізіледі, егер бұл жұмыстар бірлесіп жүргізілсе, онда бұл бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге қызмет етеді. Кадастрлық жұмыстар барысында топырақ, геодезиялық ізденістер жүргізіледі, нәтижесінде зерттеудің есептік сындарлы, талдамалық және статистикалық әдістері көмегімен жер мен топырақты бағалау нәтижелерін біріздендіру жүзеге асырылуға тиісті. Зерттеуде Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының жерінің сапалық жай-күйі зерттелген, топырақтың сапалық жай-күйін (топырақ бонитетінің балы) ескере отырып, жерді кадастрлық бағалау әдістемесіне ұсыныстар қарастырылды. Зерттеу нәтижесінде кадастрлық бағалау және салық салу жүйесі дәйекті, жүйелі түрде жүргізілетін бірегей жүйеге айналдыру үшін ұсыныс беріледі, бұл осы жұмыстарға жұмсалатын бюджет пен халықтың қаражатын үнемдеуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалануға, сол арқылы жер құқық бұзушылықтары азаюына себебін тигізеді. Осы ұсынысты ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді кадастрлық бағалауды жүргізу үшін өндіріске енгізуге болады. Зерттеу барысында ұсынылған әдіс жер ресурстарын басқару мен жер салығы және жалдау ақысы сияқты бюджеттік түсімдерге байланысты жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Кадастрлық құнның нақты есептелуі жерді тиімді пайдалану мен инвестициялық процестерді жетілдіруге ықпал етеді. Жердің сапасын бағалауда жаңа тәсілі: жерді сапалы бағалау кезінде топырақтың сапасы мен жерді пайдалану түрлерін ескере отырып түзету коэффициенттері қолданылуы, зерттеу жұмысындағы жаңалықтардың бірі болып табылады. Бұл, өз кезегінде, ауыл шаруашылық жерлерінің нақты құнын және оларды пайдалану тиімділігін анықтау үшін пайдалы ақпарат береді.