Abstract
Мақалада әлемдік білім беру үдерістердің бірі – STEM технологиясын жүзеге асырудағы физика пәнінің мұғалімдерінің тәжірибелері зерттеледі. STEM білім беру – пәндердің интеграциясын білдіреді және оқушыға ғылым мен техниканы күнделікті өмірде қалай қолдану керектігін көрсетеді. Білім алушылардың математика, информатика және жаратылыстану ғылымдарын меңгеру арқылы өмірлік және технологиялық мәселелерді шешудің жобалау әдістерін меңгеруі, интеграцияланған білімді практикалық қолдануды жоғары деңгейге жеткізуі үшін мектеп мұғалімдерінің тиісті дайындыққа деген қажеттіліктері қарастырылады. Авторлар мемлекетімізге STEM технологияларын енгізудің негізгі өзекті мәселелерін анықтап көрсетеді: жоғары білікті кадрларды даярлау жүйесінде тұжырымдамалық негіздерді дамыту; мұғалімдердің біліктілігін арттырудың тәжірибеге бағытталған курстарын ұйымдастыру; бакалавриат және магистратура бағдарламаларын қамтамасыз ету үшін технологиялық және инженерлік білімі бар мамандарды кеңінен тарту қажеттілігі. STEM технологияны қолдану жағдайын анықтау мақсатында авторлар Қазақстанның батыс аймағының қалалары бойынша мектеп мұғалімдерімен эмпирикалық зертеулер жүргізген. STEM технологиясын енгізу кезінде мұғалімдер әдістемелік көмек пен қолдау қажет ететіндіктері анықталды. Мұғалімдер білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтарға дайын, тәжірибеге бағдарланған және жобалық оқытуды іске асыру олардың қызығушылықтарын тудырады. STEM білім беру практикасымен айналысатын педагогтарды желілер мен қауымдастықтарға қосу және тәжірибе алмасу қажеттілігі анықталған.