Abstract
Ауыл шаруашылығы жануарларының жоғары өнімділігін жоғарылату мақсатында, соның ішінде сүтті ірі қара мал шаруашылығын дамытуда жетекші рөл жем-шөп базасын құруға, өсіп келе жатқан ағзаның физиологиялық жай-күйін, өнімділік деңгейін және пайдалану мақсатын ескере отырып, энергияға, қоректік заттарға, дәрумендерге және басқа да биологиялық белсенді заттарға қажеттілігін білуге негізделеді және де оларға ұтымды және толыққанды азықтандыруды ұйымдастыру негізгі мүдделердің бірі болып табылады. Толыққанды азықтандыру жануарлардың өнімділігін едәуір арттыруға, сол арқылы мал басының және алынған өнім мөлшерінің ықтимал шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Сиырлардың сүт өнімділігі 50-60%-ға жануарларға берілетін азық-жемнің сапасымен және толық азықтандырылуымен қамтамасыз етіледі. Біздің зерттеулеріміздің нәтижесінде «Есбол» ШҚ азықтың қоректілік деңгейі, құрғақ зат көлемі бойынша 2023 жылғы көрсеткіш 2022 жылғымен салыстырғанда қысыр сиырларда тең, ал сауын сиырларда 1,02% жоғары, қорытылатын протеин қысыр сиырларда 1,30%, сауын сиырларда – 1,12% жоғары болды. Азықтың құрамындағы шикі май, шикі күл, кальций, фосфор көрсеткіші 2023 жылғы қоректендіру деңгейі бойынша да қоректік заттар деңгейі жоғары болды. Шикі жасұнық және оның фракцияларының азық құрамындағы жоғары болуы азықтың ағзаға сіңірілу деңгейін төмендететіні айқын.