Abstract
Мақалада ақын, жазушы, драматург, аудармашы, көсемсөзші Ә.Кекілбаевтың сыншылық қабілеті Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Т.Әлімқұлов, Т.Ахтанов, А.Сүлейменов, О.Бөкей сынды қаламгерлер туындыларын зерделеген әдеби танымдық, ғылыми мақалалары арқылы дәйектеледі. Мақаланың мақсаты – сыншының қазақ әдебиетіндегі аталған сөз зергерлерінің шығармашылық бейнесін зерделеген шеберлігін дәйектеу. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін шығармашылық портреттерді жасаудағы кәсіби сыншының шеберлігін танытатын әдеби-танымдық, ғылыми зерттеу мақалалары іріктеліп алынды. Мақалада пайымдау, талдау, салыстыру әдісі қолданылды. Ғылыми жаңалығы – Ә.Кекілбаев сыншылығының ғылыми сипаты терең, азаматтық позициясы айқын танылатын, қазақ әдебиетінде қалыптасқан биік парасат пен мәдениетті көрсететін танымдық мақалалары аясында алғаш зерделенуінде. Сыншы ғалым еңбектері шығармашылық жүйеде, бүгінгі көзқарас тұрғысынан бағаланды. Әр мақаласын ғылыми негіздеп жазатын ғалымның пайымдаулары мен түйіндері қазір де құндылығын жоймаған дүниелер екені бағамдалады. Ұлт жазушыларының эстетикалық, көркемдік сырын, шеберлік қырын талдағанда терең білімі мен эрудициясы білінетін білікті әдебиетшінің ой жүйесі қисынды, пікірі айқын. Салиқалы сыншының қазақ жазушыларының шеберлік қырлары мен көркемдік-эстетикалық сырларын талдап, таразылаған еңбектерін тұлғатану, шығармашылық лаборатория сында арнаулы курстарда қосымша материал ретінде пайдалануға болады. Әдебиеттану және әдебиет сыны ғылымының даму тарихында еңбегі сіңген зерттеушілер мен сыншылардың еңбектерін қарастырып, бағалау ісі тұлғатану саласын жетілдіруге мүмкіндік береді.