Abstract
Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы қуаң аймақтарда суармалы жерлерді тиімді пайдалану мәселесі қазіргі таңда басты маңызға ие, өйткені елде өсірілетін барлық ауылшаруашылық дақылдарының басым бөлігі осы аймақта шоғырланған, ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы ауданы 170 мың гектардан (қолданыстағы) асады. Сырдария өзені суының минерализациясы, өзеннің төменгі ағысында орналасқан суармалы алқаптардың топырақ-мелиоративтік құрылымының қазіргі жағдайы өте нашар деңгейде. Топырақтың тұздану мөлшері, одан қалды қашыртқы сулармен шыққан судың тұздану мөлшері өте жоғары. Төменарық гидробекеті тұсында өзен суының минерализациясының орташа жылдық көрсеткіші 2,0-2,5 г/л, Қазалы гидробекеті тұсында 3,0-3,5 г/л жетіп отыр. Ал топырақтардың тұздану процестері іс жүзінде облыстың барлық аумағы бойынша орын алған. Соңғы дерек бойынша Қызылорда облысының аумағында тұзданған суғармалы жерлердің ауданы 225,9 мың га шамасында, олардың ішінде әлсіз тұзданғаны – 87,6 мың га, орташа тұзданғаны –73,3 мың га және қатты және өте қатты тұзданған жерлер – 65,1 мың га. Қызылорда облысы негізінен күріш (сондай-ақ, жоңышқа, сүрлемдік жүгері, күнбағыс, бақша өсімдіктері т.б) өсіруге машықтанған. Осыны ескеріп, күріш егісі қалыптасқан жерлерде қашыртқы –дренаж жүйелерінің нашар жұмыс істеуінен екінші реттік тұздану жүретіндігі байқалды. Аталған жағдайларды ескере отырып, мақалада атқарылған жұмыстың өзекті екендігіне көз жеткізуге болады.