Abstract
Органикалық жеміс шаруашылығының дамуы синтетикалық тыңайтқыштар мен химиялық қорғау құралдарын пайдаланбай жоғары сапалы отырғызу материалын өндіруге мүмкіндік беретін тиімді технологияларды әзірлеуді талап етеді. Зерттеудің мақсаты Қазақстанның оңтүстікшығысындағы органикалық тәлімбақ жағдайында алма ағашының біржылдық алма көшеттерін өсіру кезінде биопрепараттар мен органикалық тыңайтқыштардың әсерін бағалау болды. Зерттеулер 2024– 2026 жылдары «Сады Жетісу Трейд» ЖШС тәлімбағында жүргізілді. Нысан ретінде ММ106, Б7-35 және Арм-18 клондық телітушілеріне телінген Гала сорты пайдаланылды. Тәжірибеде дәстүрлі өсіру технологиясы биопрепараттар (Фитолаза, Биосок-Энерджи+, Агро-Сорб Фолиум және Нано-күкірт) қолданылған органикалық жүйемен салыстырылды. Бағалау барысында өсімдіктердің өсу қарқыны, тамыр жүйесінің дамуы және стандартты алма көшеттердің шығымы зерттелді. Нәтижелер биологиялық препараттарды қолдану тамыр түзілу үдерісін күшейтіп, алма көшеттердің вегетативтік өсуін жақсартқанын көрсетті. Ең жоғары тиімділік Арм-18 телітушісінде байқалса, биометриялық көрсеткіштер мен отырғызу материалы сапасының ең оңтайлы үйлесімі Гала/Б7-35 комбинациясында анықталды. Органикалық технологияны пайдалану стандарт талаптарына сәйкес келетін көшеттер үлесінің артуына ықпал етті. Алынған нәтижелер биопрепараттар мен органикалық тыңайтқыштарды қолданудың алма көшеттерін өсірудегі тиімділігін дәлелдейді және оларды экологиялық қауіпсіз әрі тұрақты тәлімбақ өндірісінде пайдалану мүмкіндігін көрсетеді.