ҚАЗАҚ АҒАРТУШЫЛЫҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ШАҒАТАЙ ЖАЗБА ДӘСТҮРІНІҢ ДІНИ ТЕРМИНДЕРІ (ЗӘКӘРИЯ БИН ЕРҒАЛИ ӘЛ-АХМӘДИ ӘЛ-БӨКЕЙИДІҢ «МҰХТАСАР ИЛМ-И ХАЛ» ЕҢБЕГІ НЕГІЗІНДЕ)

2026

Full text Open access: Hybrid Metadata (CSL-JSON)
DOI 10.51943/2788-9718_2026_29_3_1143-1155
Data confidence 70 medium
How this score is calculated

It is built from checkable properties of the record itself: whether the article has a DOI, how many independent sources confirmed its data, whether the required fields are filled in, and how recent the latest confirmation is. Disagreement between sources and a missing identifier lower it. A value of 80 or above means the record was published without further checking; 60 to 79 means it is published at reduced confidence, with a manual check advisable. A record verified by an editor by hand is never pushed below 90 by a recalculation. This scores our data about the article, not the article itself.

Abstract

Кіріспе. Мақалада ХХ ғасырдың басында қазақ мұсылман қоғамына арналған діни-ағартушылық әдебиеттердің бірі – 1911 жылы Қазанда жарық көрген Зәкәрия бин Ерғали әл-Ахмәди әл-Бөкейидің «Мұхтасар илм-и хал» еңбегі мәтінтанулық, деректанулық және тарихи-лингвистикалық тұрғыдан зерттеледі. Еңбек классикалық шағатай тілінің қатаң нормасымен шектелмейтін, шағатай жазба дәстүріне негізделген, татар баспа тілі мен қазақтың жергілікті лексикалық элементтері аралас ортақ түркілік жазба тілдің үлгісі ретінде қарастырылады. Зерттеу барысында дін, миллет, шариғат, иғтиқад, мәзһаб, сондай-ақ намаз уақыттарын білдіретін ايرته (irte), اويله (öylä), ايكندى (ikindi), آقشام (aqšam), ياستو / جاصى (yastu / jası) тәрізді атаулардың семантикалық ауқымы мен діни-ағартушылық қызметі талданады. Мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің мақсаты – «Мұхтасар илм-и хал» мәтініндегі діни терминдердің құрылымдық-семантикалық ерекшеліктерін анықтап, олардың қазақ мұсылман қауымына бейімделу тетігін көрсету. Осы мақсатта түпнұсқа терминдер бірізді транслитерацияланып, қазіргі қазақша баламаларымен салыстырылады; классикалық исламдық ұғымдар әл-Журжани, ат-Тафтазани және әл-Ғазали еңбектеріндегі анықтамалармен, ал түркілік уақыт атаулары Махмұт Қашқари, Клаусон және А. Зенгин деректерімен салыстырылады. Материалдар мен әдістер. Зерттеудің негізгі дереккөзі ретінде Зәкәрия бин Ерғали әл-Ахмәди әл-Бөкейидің 1911 жылы Қазанда жарық көрген «Мұхтасар илм-и хал» еңбегінің түпнұсқа мәтіні алынды. Діни терминдердің семантикалық ерекшеліктері мен тарихи сабақтастығын анықтауда мәтінтанулық, деректанулық және салыстырмалы-тарихи талдау әдістері қолданылды. Нәтижелер. Талдау мәтіндегі діни терминологияның арабша ұғымдарды механикалық аудару арқылы емес, ортақ түркілік жазба дәстүр мен жергілікті уақыт межелеу атауларын ұштастыру арқылы түсіндірілгенін көрсетті. «Нану» мен «істеу» жіктеуінің мақасид аш-шариға теориясымен байланысы мәтіндік тәуелділік ретінде емес, салыстырмалы-герменевтикалық интерпретация ретінде шектелді. Намаз уақыттарына қатысты терминдердің тарихи формалары мен семантикалық қызметі жүйеленіп, салыстырмалы кестеде берілді. Қорытынды. «Мұхтасар илм-и хал» ХХ ғасыр басындағы қазақ діни-ағартушылық ортасында исламдық ұғымдардың түркілік жазба дәстүр және жергілікті тілдік таным арқылы игерілуін көрсететін маңызды баспа дереккөз болып табылады. Зерттеу шағатайлық, татарлық және қазақтық тілдік қабаттардың өзара ықпалын нақты терминологиялық материал негізінде айқындайды.