Abstract
Мақалада үйлену ғұрып фольклорындағы әрекет ететін тұлғалар қарастырылған. Үйлену ғұрып фольклоры – ғұрыптық фольклордың іргелі саласы. Ғұрып пен фольклор байланысы фольклордың ғұрыптық рәсімдерді айқындауымен байланысты. Отбасылық дәстүр жүйесінде ұлттық дүниетанымның рәсімдік ғұрыптармен байланысы ғұрыптық фольклор аясында анықталады. Түркілік дүниетанымда үйлену ғұрып фольклорының мифтік негізі бар. Осы ретте үйлену ғұрып фольклорындағы әрекет ететін тұлғаларды арнайылап қарастыру рәсімдерді фольклор мәтіндерімен тығыз байланыста қарауға мүмкіндік береді. Үйлену барысында орындалатын рәсімдер фольклор мәтіндерінде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа таралды. Зерттеудің өзектілігі үйлену ғұрып фольклорындағы әрекет ететін тұлғаларды жекелей қарастырумен анықталады. Мақаланың мақсаты түркі фольклорындағы үйлену ғұрып фольклорын, ондағы қазақ және қарақалпақ халықтарының фольклорындағы әрекет ететін тұлғаларды салыстыру, қызметтерін айқындау. Зерттеу барысында салыстырмалы-тарихи, салыстырмалы-генетикалық талдау, семиотикалық, сюжеттік талдау әдістері қолданылды. Нәтижесінде қазақ және қарақалпақ халықтарындағы ғұрыптық фольклор, ондағы әрекет ететін тұлғалар қатары, рөлдері анықталды. Мақаланың құндылығы қазақ және қарақалпақ халықтарының ғұрыптық фольклорын салыстыра талдаумен, ғұрыптық фольклордағы әрекет ететін тұлғаларды жекелей қарастырумен байланысты. Мақала нәтижелерін ғұрыптық фольклор, үйлену ғұрып фольклоры, түркі фольклорындағы салыстырмалы бағыттағы зерттеулерде қолдануға болады.