Abstract
Мақалада XIII–XIV ғасырларда өмір сүрген түрік халқының көрнекті ақыны Жүніс Әміре ғазалдарындағы адам өмірінің кезеңдеріне байланысты фразеологизмдер когнитивтік, лингвомәдени және лексика-семантикалық тұрғыдан қарастырылады. Сопылық дүниетанымға тән «инсан-и кәміл» идеясы негізінде адамның нәрестелік кезеңнен қарттыққа дейінгі рухани кемелденуіне ерекше назар аударатынына, бұл тұста ақын түрлі фразеологиялық бірліктерді пайдалана отырып, көркем және әсерлі бейнелер жасайтынына арнайы тоқталады. Зерттеудің мақсаты – ақын шығармаларында кездесетін тұрақты тіркестерді концепт деңгейінде талдаумен қатар түркілік рухани-мәдени танымды таныту, сондай-ақ қазақ және түрік тілдерінің фразеологиясындағы тарихи сабақтастықты көрсету. Зерттеу әдістемесінде тарихи-салыстырмалы, компоненттік, фразесемантикалық, сипаттамалы және этнолингвистикалық тәсілдер қолданылды. Негізгі дереккөз ретінде Мұстафа Татчының 2008 жылы әзірлеген «Yunus Emre Divanı» мен бірнеше түрік фразеологиялық сөздіктері пайдаланылды. Жүніс Әміре ғазалдарындағы адам өмірінің туу, нәрестелік, жастық, кемелдік, қарттық және өлім секілді кезеңдерінің әрқайсысына байланысты сопылық ілімнің мазмұнын терең, түркілік дүниетанымды көркем тілде жеткізу үшін қолданылған символдық, метафоралық деңгейдегі тұрақты тіркестердің мағыналарын аша отырып, қазақ тіліндегі варианттары мен эквиваленттеріне байланысты лексика-семантикалық тұрғыдан талдау жасалады. Ғылыми жаңалығы – адам өмірінің кезеңдеріне байланысты фразеологизмдер концепт ретінде жүйелі және кешенді қарастырылады. Ал практикалық маңызы ретінде тіл, әдебиет, мәдениеттану, аударматану бағыттарында тиімді қолдануға болады.