Abstract
Бұл мақалада белгілі қазақтың ақыны, ойшылы, шығыстанушысы, фольклортанушысы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармаларындағы «жақсы», «надан», «адасу», «тасу» т. б. сөздерінің қолданылу ерекшелігі жан-жақты қарастырылды. Сонымен қоса өз заманына дейін және қатарлас өмір сүрген ақындар мен ғалымдардың т. б. шығармаларында осы ұғымдардың қолданылуы салыстыра зерттелді. Атап айтқанда: Хорезми, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Иассауи, Шалкиіз Тіленшіұлы, Ақтамберді Сарыұлы, Бұқар Қалқаманұлы, Шал Құлекеұлы, Махамбет Өтемісұлы, Ғабдолла Тоқай т. б. Мәшһүр Жүсіптің поэзиясындағы стильдік ерекшеліктерді саралау барысында ақынның эпитет, теңеу, метафора, метонимия сияқты бейнелеу құралдарын қолдануда өзіндік қолтаңбасы айқын аңғарылды. Бұл көркемдік тәсілдердің түпкі өзегінде Алланы тану идеясын дәріптеу, адамзатты ізгілікке үндейтін рухани құндылықтарды насихаттау мақсаты жетекші орын алды. Ақынның көркемдік дүниетанымында Аллатану, ұлттық болмысты ардақтау, діни-имандылық қағидаларын дәріптеу және ұлттық нақышты айшықтау кейіптеу тәсілі арқылы да шебер жүзеге асырылды. Осы арқылы Мәшһүр Жүсіп поэзиясында діни-философиялық ой мен ұлттық көркемдік дәстүр өзара үйлесім тауып, авторлық стильдің басты белгілерінің біріне айналды. Көркемдік тәсілдердің қолданылу ерекшелігі ақынның стильдік даралығын және бейнелілік жүйесін айқындайды.