Abstract
Қазіргі әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздық, экологиялық жағдайдың нашарлауы және жастардың өз денсаулығына немқұрайлы қарауы жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселесін өзекті етіп отыр. Бұл құбылыстың маңыздылығы тек физикалық денсаулықпен шектелмей, тұлғаның әлеуметтік жауапкершілігі мен рухани дамуына да тікелей әсер етеді. Зерттеу барысында «Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңыздылығы» тақырыбы бойынша әдебиеттерге шолу жасалып, денсаулықты «біртұтас феномен» ретінде қарастыру, оның жеке тұлғаның өмір сүру салтымен байланыстылығын түсіну және биологиялық пен әлеуметтік факторлардың өзара ықпалы ескерілуі қажеттігі анықталды. Зерттеудің мақсаты – университеттік ортада студенттердің салауатты өмір мәдениетін қалыптастырудың әлеуметтік-педагогикалық және мәдениеттанулық алғышарттарын анықтау. Бұл зерттеуде теориялық талдау (психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік еңбектерді зерттеу), сауалнама, бақылау және салыстырмалы-сараптамалық әдістері қолданылды. Сауалнамаға Абай университеті және Дулати университетінен 400 студент қатысып, олардың 50%-ы ер, 50%-ы қыз студенттер болды. Зерттеу нәтижесінде студенттердің 75%-ы өз тамақтануын бақылауға тырысатынын, ал жартысынан көбі салауатты өмір салтының маңызын түсінетінін көрсетті. Сонымен қатар жастардың салауатты өмірге көзқарасын қалыптастыруда университет ортасы мен тәрбиелік іс-шаралар жүйесінің рөлі айқындалды.