Abstract
Мақалада зияты жеңіл зақымдалған 8-сынып оқушыларының «Кәсіби еңбекке баулу. Тігін ісі» пәнінде еңбек дағдыларын дамыту мәселесі қарастырылады. Зерттеудің өзектілігі ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылардың әлеуметтік бейімделуін, дербестігін және болашақ кәсіби қызметке даярлығын қамтамасыз ету қажеттілігімен анықталады. Зерттеудің мақсаты – кәсіби еңбекке баулу сабақтарында Step-by-step технологиясы мен QR-код арқылы ұсынылатын бейне-нұсқаулықтарды қолданудың еңбек дағдыларын қалыптастырудағы тиімділігін теориялық тұрғыдан негіздеу және эксперименттік жолмен анықтау. Зерттеу барысында педагогикалық бақылау, диагностикалық бағалау, сауалнама және эксперименттік әдістер қолданылды. Еңбек дағдыларының қалыптасу деңгейі С.Л. Мирский әдістемесі, ал кәсіби қызығушылық деңгейі Ю.П. Засядько тесті арқылы бағаланды. Эксперимент нәтижелері оқушылардың басым бөлігінде еңбек әрекетін жоспарлау, әрекеттердің реттілігін сақтау және өздігінен жұмыс істеу дағдыларының жеткіліксіз қалыптасқанын көрсетті. Сонымен қатар кезеңдік оқыту технологиясын, QR-код арқылы ұсынылатын бейне-нұсқаулықтарды және көрнекі алгоритмдерді пайдалану оқушылардың оқу мотивациясын, практикалық әрекеттерді орындау сапасын және дербестігін арттыруға ықпал ететіні анықталды. Зерттеу нәтижелері арнайы мектеп жағдайында кәсіби-еңбек дағдыларын қалыптастырудың тиімді педагогикалық шарттарын жетілдіруге мүмкіндік береді.