Abstract
Мақалада қазіргі медиакеңістіктегі коммуникацияның тілдік сапасын айқындайтын маңызды категориялардың бірі – сөз үйлесімі ғылыми тұрғыда талданады. Зерттеудің негізіне алынған ғалым Н. Уәлиев еңбектерінде қарастырылған «сөз жатықтығы» мазмұны қазіргі медиакоммуникация талаптарына сәйкес кеңейтіліп, «сөз үйлесімі» термині арқылы сипатталады. Себебі БАҚ құралдарындағы коммуникация қызметінің, қатысымдық бірліктердің, коммуникациялық фокустың маңыздылығы заманауи технологиялармен қатар күннен күнге артып келеді. Сөз үйлесімі әдеби тіл нормаларын сақтаумен қатар, ойдың қисынды құрылуы, мағыналық тұтастық, сөйлеу мәнерінің табиғилығы және ақпараттың анық әрі түсінікті жеткізілуімен анықталатын кешенді құбылыс ретінде қарастырылады. Мақалада медиакеңістіктегі коммуникация мен мәтіннің рөлі, медиамәтіннің құрылымдық және функционалдық ерекшеліктері айқындалып, сөз үйлесімінің медиакоммуникациядағы маңызы көрсетіледі. Сонымен қатар білім беру медиакеңістігіндегі сөз үйлесімінің педагогикалық қыры талданып, оның оқыту үдерісінің тиімділігіне, білім алушының тілдік санасы мен коммуникативтік құзыретінің қалыптасуына әсері баяндалады. Зерттеу нәтижелері медиатіл мәдениетін жетілдіруге және педагогикалық коммуникация сапасын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, мақалада сөз үйлесімін бағалаудың өлшемдері ұсынылып, медиамәтіндерге жүргізілген талдау негізінде нақты мысалдар келтіріледі. Зерттеуде медиаконтент өндірушілеріне арналған практикалық ұсынымдар жасалып, тілдік норманы сақтаудың қоғамдағы ақпараттық мәдениетке ықпалы айқындалған. Зерттеу қорытындылары медиасауаттылықтың дамыту үдерісінде қолдануға мүмкіндік береді.