Abstract
Қытай әдебиетінің көрнекті өкілі, Нобель сыйлығының лауреаты Мо Яньнің шығармалары ұлттық мәдениет пен халықтық дүниетанымға бай. Оның «Өмір мен өлім азабы» (Қытайша басылымындағы кітаптің аты《生死疲劳》) романы – ең танымал шығармаларының бірі. Туынды өмір мен өлімнің шексіз айналымын тақырып ете отырып, Қытай ауылындағы жарты ғасырлық жер реформасының тарихын сипаттайды. Сонымен қатар, ауылдағы терең тарихи өзгерістер мен оларға байланысты адамдардың қуаныштары мен қайғыларын суреттейді. Романдағы кейіпкерлер мен оқиғалардың көбісі шынайы өмірден алынған. Автор шығармашылық барысында өз өміріндегі оқиғаларды және естіген әңгімелерді қолданған. Романда Қытай мәдениетіне тән көптеген элементтер бар, бұл шетелдік оқырмандардың Қытай мәдениетімен танысуына мүмкіндік береді. Бұл мақала романды қазақ тіліне аудару барысын талдай отырып, халықтық мәдениеттің аударылу ерекшеліктерін зерттейді және оны тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Мақала мәдени аударма ілімінің теориясы негізінде, аудармашының мәдениет элементтерін қолданудағы аударма тактикасы мен аударма әдісіне талдау жасап, оны жинақтап реттеп, осы теорияны жаңа зерттеу жетістіктерімен қамдап, оның одан әрі дамуын жебейді. Сондай-ақ бұдан былайғы зерттеушілердің теориялық білімдерді өте жақсы игеруіне жәрдемдесетін материалдармен таныстырады. Сонымен қатар түпнұсқа мен аудармаға талдау жасау арқылы тіл-мәдениет негізін бекемдеп, қытай тілі мен қазақ тіліндегі әдеби шығармалардың дұрыс аударылуына көмегін тигізеді. Ұсынылып отырған мақалада қолданылған зерттеу әдістері: салыстырмалы талдау әдісі: Мо Яньнің «生死疲劳» романының қазақша аудармасы «Өмір мен Өлім азабы» туындысындағы халықтық салт-сана мәдениетін аудару әдісін талдау; семантикалық және мәдени-лингвистикалық әдістер: «Өмір мен өлім азабы» романындағы мәдени аспектілердің қазақ тіліне аударылу ерекшеліктерін және өңірлік айырмашылықтарға байланысты халықтық мәдениетті топқа бөліп талдау. Әдеби туындылардағы ел ішіндегі мәдениет факторларын аударуды зерттеуде әлі де көптеген мәселелер бар. Әдеби шығармалардың мәдени коннотацияның семантикалық мәнін және екінші тілге дәл жеткізілуін зерттеген мақалалар аз, сонымен бірге, бұл зерттеу мақаласы, кейінгі зерттеулерге жетекшілік етіп, авторлардың өзінің зерттеу беталысын айқындап, теорияның практика барысындағы қолданылу әдісі мен жолын анағұрлым ойдағыдай түсінуіне мүмкіндік жасайды.