Abstract
Бұл мақалада қазақ бейнелеу өнеріндегі жылқы бейнесі философиялық тұрғыдан талданады. Осы күндері жылқы қазақ халқының этногенетикалық болмысының, рухани дүниетанымының және мәдени жадының басты коды ретінде қарастырылып жүр. Расында да, еліміз аумағынан табылып жатқан ежелгі петроглифтерден бастап бүгінгі кескіндеме мен заманауи өнер туындыларына дейін тұлпар бейнесі көшпелілердің дүниетанымын бейнелейтін көркем-мәдени символ ретінде көрініс табады. Бұл көріністерде жылқы бейнесі кеңістік пен уақытты игерудің, еркіндік пен тектіліктің символы ретінде көрініс тауып келеді. Сондықтанда ғылыми ортада жылқы образы этнографиялық немесе эстетикалық қырларымен ғана шектелмей, ұлттық философиялық ойлаудың көркем репрезентациясы ретінде қарастырылуда. Бұл өз кезегінде, бейнелеу өнеріндегі жылқы бейнесін философиялық талдау өзектілігін арттырады. Оның себебі философиялық ойлау дәстүрінде өнер туындысын тек көркем бейне ретінде ғана емес, мәдени-онтологиялық мәні бар құбылыс ретінде пайымдауға талпынумен түсіндіріледі. Осы тұрғыдан алғанда, жылқы бейнесі арқылы қазақ дүниетанымындағы адам мен табиғаттың тұтастығы, космоцентрлік ойлау жүйесі, архетиптік сананың терең қабаттары айқын көрініс табады. Сол себепті, бұл мақалада Эрнст Кассирердің символдық формалар философиясы, Карл Юнгтің архетиптік теориясы және Ганс-Георг Гадамердің герменевтикасы зерттеудің әдіснамалық негізі ретінде алынды. Зерттеуде Әбілхан Қастеев, Қанафия Телжанов, Молдахмет Кенбаев, Салихитдин Айтбаев, Жұмақын Қайрамбаев, Өмірбек Жұбаниязов және Талғат Тлеужанов еңбектері талданды. Сол арқылы жылқының бейнесі ұлттық кодтың, ұжымдық жадтың және рухани архетиптердің көркем таңбасына айналғаны көрсетілді. Яғни, мақалада еліміздегі ең алғашқы кәсіби кескіндемешелірден бастап қазіргі заманғы суретшілер де қарастырылған. Мақалада қазақ өнеріндегі жылқы образы философиялық категориялар тұрғысынан жүйелі қарастырылып, оны ұлттық болмыстың көркем онтологиясы, ұжымдық жадтың символдық формасы ретінде түсінуге алғышарттар жасалды.