Abstract
Аннотация. Бұл жұмыста Қазақстандағы Тайжүзген кен орнынан алынған табиғи цеолит негізінде W(VI) тұзымен модифицирленген катализаторлар синтезделіп, олар полимер қалдықтарын термокаталитикалық гидрогенизациялау процесінде қолданылды. Бастапқы шикізат ретінде полиэтилен және полипропилен қалдықтары пайдаланылды, қосымша ретінде Құмкөл кен орнынан алынған мазут енгізілді. Катализаторлар қышқылсыз активтеліп, 100–500°C аралығында термиялық өңдеуден өтті және 0,5% және 1,0% W концентрацияларында модификацияланды. Алынған катализаторлардың құрылымдық қасиеттері FTIR спектроскопиясы арқылы зерттелді, нәтижесінде Льюис және Бренстед қышқыл орталықтары анықталды. 0,5% W@Тайжүзген катализаторы жеңіл көмірсутектердің (C₅–C₁₂) түзілуіне тиімді болса, 1,0% W@Тайжүзген катализаторы ауыр фракциялардың (C₁₀–C₂₀) түзілуін арттыратыны анықталды. Газдық хроматографиялық талдау нәтижелері көрсеткендей, 0,5% W катализаторы қатысында 0–180°C фракциясында ароматты көмірсутектердің үлесі 50,6%, ал алкандардың үлесі 22,95% болды. 1,0% W үлгісінде 0–180°C фракциясында ароматтар 39,3%-ға дейін азайып, алкандардың үлесі 38,96%-ға артты. Бұл көрсеткіштер катализатордағы вольфрам мөлшерінің өнімнің құрамына тікелей әсер ететінін дәлелдейді. Зерттеу нәтижелері полимер қалдықтарын гидрогенизациялау арқылы мотор отыны фракцияларын тиімді алу мүмкіндігін және алынған өнімдердің коммерциялық қолдану перспективасын растайды, сондай-ақ ресурс үнемдеуге бағытталған технологиялардың тиімділігін көрсетеді.