Abstract
Күріш басқа ауылшаруашылық дақылдарынан ерекшелігі – бүкіл вегетациялық кезең бойы танапта тұрақты су қабатын қажет етуімен сипатталады. Күріштен жоғары әрі тұрақты өнім алудың негізгі шарты бастапқы су қабатын қалыптастыру мерзімдерімен, су басу тереңдігімен, оның ұзақтығы мен қайталануымен, сондай-ақ күріш танаптарынан суды шығару уақытымен анықталатын ұтымды суару режимін сақтау болып табылады. Күріш егістіктерін суаруға 18–32 мың м³/га көлемінде су берудің нәтижесінде жер асты суларының деңгейі қысқа мерзімде жоғарылап, 1–2 жыл ішінде ең төменгі су шығыны жағдайында карталық дренажды-ағынды каналдардағы судың деңгейіне тұрақталады. Бұл жағдайда жер асты суларының гидрохимиялық режимі өзгереді: бастапқыда қатты тұзданған топырақтарда (құрғақ топырақ массасының 0,7–1,5 %-ы) олардың минералдануы артады, ал әлсіз тұзданған топырақтарда жер асты суларының біртіндеп тұщылану үрдісі байқалады. Бастапқы дренаждар (карталық су тастаулар) бойынша су шығыны және күріш атыздарында су қабатын ұстап тұру кезеңіндегі шығыны 30–70 л/с құрайды, ал бірлік аумаққа шаққанда тиісінше 1,32–3,09 л/с га болады. Дренажды ағынның құрылымында тастама сулардың үлесі 70 %-ды, ал дренаждық ағын небәрі 30 %-ды құрайды. Жобалық талаптарға сәйкес дренаждық ағын мөлшері 0,40 л/с га-дан төмен болмауы тиіс. Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Қарауылтөбе ғылыми-өндірістік учаскесінде орналасқан аумақта топырақтағы тұздар мен ылғалдың мөлшері және олардың маусымдық-жылдық динамикасы негізінен жүргізілетін суару-мелиорациялық ісшаралармен анықталады. Вегетациялық кезеңде суару нәтижесінде ылғалдың және онымен бірге тұздардың жоғарылаушы және төмендеуші ағындарының алмасуы байқалады. Алайда жалпы су балансында көбінесе жоғарылаушы ағындар басым болып келеді, соның салдарынан осы аумақтағы суармалы топырақтардың басым бөлігі тұзданған күйде сақталады. Тәжірибеде көрсеткендей, суару басталған сәттен бастап топырақтың тұздану үдерістері қарқынды түрде үдей түседі. Топырақтың беткі қабаттарының тұздануы алғашқы жылдары суару суларымен бірге келетін тұздардың жиналуы есебінен жүзеге асады, ал кейінгі кезеңдерде суға қаныққан топырақ-грунттардың терең қабаттарынан тұздардың капиллярлық көтерілуі нәтижесінде қалыптасады.