Abstract
Ақмола облысының далалық аймағы жағдайында жасымық дақылының өнімділігіне себу тәсілдерінің әсері бағаланды. Далалық тәжірибелер 2021–2024 жылдары жүргізіліп, 15, 25 және 50 см қатар аралықтары зерттелді. Зерттеу жылдары гидротермиялық коэффициенттің (ГТК) 0,41–3,2 аралығында өзгеруі вегетациялық кезеңдегі ауа райының айқын құбылмалылығын көрсетті. Қолайлы 2024 жылы топырақтың 1 м қабатындағы өнімді ылғал қоры тар қатарлы егістерде жоғары болып, 15 см қатар аралығында 106,8 мм-ге жетті. Өсімдік биіктігі мен биомассаның жиналуы жылдық климаттық жағдайларға және қатар аралығына тәуелді болды. Өнімділік бойынша ең тұрақты әрі жоғары көрсеткіштер 25 см қатар аралығында қалыптасып, 2024 жылы 25,3 ц/га өнім алынып, 15 см нұсқасынан 4,3 ц/га жоғары болды. 50 см қатар аралығы ауа алмасуды жақсартқанымен, ылғал булануы мен арамшөптердің дамуы күшейіп, өнімнің төмендеуіне әкелді. Алынған нәтижелер Ақмола облысының қуаңшылыққа бейім аймақтарында жасымық өсіру үшін 25 см қатар аралығының оңтайлы екенін дәлелдейді. Өнімнің қалыптасуы негізінен өсімдік тығыздығы мен биомассаның жиналу деңгейімен айқындалып, аталған көрсеткіштер климаттық жағдайлармен және себу тәсілдерімен тығыз байланысты болды