Abstract
Зерттеу тақырыбының өзектілігі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің (ЖИ) қарқынды дамуы жоғары оқу орындарындағы білім беру және басқарушылық үдерістерді түбегейлі өзгертетіндігінде, бұл университеттердің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретінімен айқындалады. Зерттеудің мақсаты – Қазақстанның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформацияның жай-күйін зерттеу және жасанды интеллектіні енгізудің ерекшеліктерін бағалау. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттер жүзеге асырылды: университеттердің цифрлық жетілу деңгейін анықтау, нормативтік-құқықтық базаны, цифрландырудың жоғары оқу орындарының экономикалық тұрақтылығына және олардың нарықтық позицияларына әсерін талдау ондай-ақ цифрландыру жолындағы негізгі кедергілер мен мүмкіндіктерді қарастыру. Зерттеу объектісі ретінде Қазақстанның жоғары оқу орындарының қызметі алынып, зерттеу пәні – олардың цифрландыруға және жасанды интеллектіні интеграциялауға бағытталған тәсілдері болып табылады. Зерттеу әдіснамасы стратегиялық құжаттарды контент-талдау, ресми статистикалық деректерді сандық өңдеу және салыстырмалы талдау әдістеріне негізделген. Зерттеу нәтижелері Қазақстан университеттерінің цифрлық жетілу деңгейінің қазіргі уақытта «орташа» деңгейде екенін көрсетті. Жасанды интеллектіні енгізу операциялық шығындарды оңтайландыруға және білім беру қызметтерінің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал ететіні анықталды. Цифрлық технологияларды енгізудің ең тиімді тәсілі – технологиялық инфрақұрылымды дамытумен қатар академиялық ортадағы цифрлық құзыреттіліктерді жүйелі түрде арттыруға бағытталған кешенді трансформация әдісі болып табылады. Университеттердің қызметін жетілдіруге арналған ұсыныстар ретінде оқытушылардың жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға бағытталған кәсіби қайта даярлау бағдарламаларын енгізу, IT-инфраструктураны қаржыландыру үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін әзірлеу және инновациялық экожүйені институционалдық қолдауды қамтамасыз ету қажеттілігі негізделген.