Abstract
Бұл мақалада жапырақты ағаштардың түскен жапырақтарын анаэробты ашыту арқылы биогаз өндірудің мүмкіндігі мен тиімділігі зерттеледі. Жапырақтар – көміртекке бай, бірақ азот мөлшері төмен органикалық қалдықтар. Олар дербес субстрат ретінде биогаз өндірісінде тиімсіз болғандықтан, сиыр көңімен бірге-ашыту (ко-ашыту) әдісі қолданылды. Эксперименттер әртүрлі көлемдегі және құрылымдағы үш биореакторда жүргізілді: 2 литрлік пластикалық ыдыс, OxiTop® биореакторы және 20 литрлік көлемдегі пластикалық бөтелкелер. Зерттеу барысында субстраттың ұсақталу деңгейі, инокулянт қатынасы, температуралық режимдер, pH көрсеткіштері және жалпы қатты заттардың мөлшері (TS) бақыланды. Ең жоғары биогаз (0,641 м³/кг VS) және метан шығымы (0,368 м³/кг VS) 20 литрлік реакторда алынды. Бұл үлкен көлемдегі реакторлардың микробтық белсенділік пен процестің тұрақтылығына оң әсер ететінін көрсетті. Сонымен қатар, ко-ашыту процестің буферлік қабілетін жақсартып, ашыту ортасының қышқылдануын болдырмады. Алынған нәтижелер түскен жапырақтарды жаңартылатын энергия көзіне айналдырудың жоғары әлеуетін көрсетіп, биогаз өндіру саласында экологиялық тұрғыдан тиімді және масштабталатын шешімдерді ұсынуға негіз болады. Ұсынылған деректер ауылдық және қала маңындағы аймақтарда ауқымды биогаз қондырғыларын әзірлеу үшін пайдаланылуы мүмкін, бұл қалдықтарды кәдеге жаратуға және жергілікті энергетиканы дамытуға ықпал етеді. Кілтті сөздер: биогаз, анаэробты ашыту, биореактор, биохимиялық метан әлеуеті, энергетикалық тұрақтылық, органикалық қалдықтар.