Abstract
Бұл зерттеуде органикалық химия курсы бойынша білім алушының өзіндік жұмысын (БӨЖ) критериалды бағалау парақтары арқылы бағалаудың тиімділігі теориялық және тәжірибелік тұрғыда талданды. Зерттеудің мақсаты – презентация, постер және интеллект-карта форматындағы оқу өнімдерін бағалауға арналған критерийлердің оқу нәтижелеріне әсерін анықтау. Критериалды бағалау парақтары Блум–Андерсон таксономиясының деңгейлеріне сәйкестендіріліп, білімді білу, түсіну, қолдану, талдау, бағалау және жаңа өнім жасау әрекеттерін кешенді түрде өлшеуге бағытталды. Зерттеу 2025–2026 оқу жылының күзгі семестрінде химия мамандығының 18 студентімен (9+9) жүргізіліп, барлық қатысушылар эксперименттік топ ретінде қарастырылды. Студенттер «Алкандар» тақырыбы бойынша үш визуалды форматтағы өнім дайындады, бағалау рубрикалары алдын ала ұсынылып, дескрипторлар нақты дағдыларды өлшеуге бағытталды. Зерттеу нәтижелері студенттердің оқу жетістіктері форматтар бойынша әртүрлі құзыреттіліктерге сүйенетінін көрсетті: бірінші топ барлық форматта жоғары деңгейде теңгерімді нәтиже көрсетсе, екінші топ визуалды қысқа форматтарда (постер, интеллект-карта) жоғары жетістікке жетіп, презентациялық баяндауда салыстырмалы түрде төмен балл жинады. Бұл деректер студенттердің ғылыми тілдік коммуникация, визуалды-цифрлық сауат, экологиялық ойлау және зерттеушілік дағдыларының дамуы бағалау парақтары арқылы кешенді өлшенгенін дәлелдеді. Критериалды бағалау академиялық әділдікті қамтамасыз етіп, бағалаудағы субъективтілікті азайтты, оқу мотивациясын арттырды және рефлексия мәдениетін қалыптастырды, сондықтан зерттеу қорытындысы бойынша критериалды бағалау парақтарын білім алушының өзіндік жұмысында да жүйелі қолдану органикалық химияны оқыту сапасын арттырудың тиімді педагогикалық тетігі ретінде ұсынылады.