Abstract
Сүт өндіруде сүт сапасының төмендеуіне әсер етуші факторлардың бірі – сауын сиырлар арасында кеңінен тараған субклиникалық мастит болып табылады. Сауын сиырлардан қауіпсіз және сапалы шикі сүт алу сүт-тауарлы фермалары үшін мастит ауруымен күрес шаралары өзекті мәселе болып табылады. Мастит ауруы - өндірілетін сүттің негізгі көрсеткіштерінің төмендеуіне, сиырлардың өнімділігінің азаюына, сондай-ақ, маститті емдеуге кететін шығынның көбеюіне, шаруашылықтағы жануарлардың жарамдылық мерзіміне кері әсерін тигізіп, үлкен зиянын тигізетінін ескерертін болсақ, сүтті мал шаруашылығында бұл мәселені шешу маңыздылығын жоймайды. Өндірістік зерттеулер нәтижесінде, субклиникалық маститтің таралуын алдын-алу мақсатында ай сайын шаруашылықтағы сауын сиырлардың барлығын тест-диагностикумдардың көмегімен мастит ауруының формаларын желіннің әр бөлігінің зақымдану дәрежесі мен жиілігін тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, шаруашылықта сауылатын сиырлар арасында жалпы маститпен 22,6% ауырса, соның ішінде маститтің субклиникалық түрі – 20,3%, клиникалық түрі – 2,3% құрады. Ал, желіннің төрттен бір бөлігінің бұзылуы барлық сиырлардың - 45,8% -ында тіркелсе, төрттен екі бөлігі патологиясымен - 29,2%, төрттен үш бөлігі - 20,8% және қалған бөлігі – 4,2% көлемінде анықталды. Шаруашылықтағы маститпен ауыратын сауын сиырлардан алынған сүт сынамаларын бактериологиялық зерттеу кезінде микроорганизмдердің мынадай түрлері анықталды: Streptococcus agalaetiae, Staphylococcus aureus, Staphylococcus hominis, Streptococcus dysgalaetiae, Staphylococcus haemolyticus, Staphylococcus saprophyticus, Staphylococcus epidermidis, Escherichia сoli, Clostridium perfringens, Candida тектес саңырауқұлақтар. Өндірісте маститтің алдын алуға қолданылатын препараттардың тиімділігін бағалау жқмыстарының нәтижесінде, «Септогель» препаратының терапиялық әсері 83,3-85% құрап, «Этрис-1» маститке қарсы препаратынан 3,7 %-ға тиімділігі жоғары екені анықталды. Сонымен қатар, «Этрис-1» препаратын пайдаланғанда сиырлардың екеуінде мазасыздықпен, кішігірім агрессияның пайда болуы анықталды.