Abstract
Бұл мақалада белгілі жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның тұлға ретінде қалыптасуы, қоғамдық қызметімен жазушылық шығармаларын талдау жасау арқылы зерттелінеді. Мақаланың мақсаты Ш. Мұртазаның өмір сүрген және қызмет еткен кезеңін кеңестік дәуір мен еліміз тәуелсіздік алуымен біртұтас қарастырып, солар арқылы оның тұлғасын жан-жақты тереңірек таныту. Мақалада дерек көздер ретінде Түркістан облыстық қоғамдық саясат тарихи архивінің материалдары, Ресей Федерациясы Орталық мемлекеттік архиві материалдары және Шерхан Мұртазаның жеке архивінен алынған материалдар негізге алынған. Мақаланы жазу барысында жүйелеу, сыни-талдау, бағалау, салыстырмалы-тарихи, логикалық талдау әдістері қолданылды. Ш. Мұртаза Кеңестік және Тәуелсіз Қазақстан сияқты екі дәуірдің де куәгері ғана емес, жеке қоғамдық қызметімен де, шығармашылық еңбегімен атсалысқан тұлға, осы қос дәуірдің өкілі. Осыған орай Ш. Мұртазаның қоғамдық қызметіне, әсіресе оның депутат кезеңіндегі қызметіне, мемлекетіміз алғашқы тәуелсіздік алған тұстағы еліміздің мүддесі үшін жасаған күрескерлік қызметіне кеңірек тоқталу қажет. Өтпелік кезеңнің қоғамдық ортасындағы қарама-қайшылықтар Ш. Мұртазаның күрескер ретіндегі тұлғасын шыңдай түскен. Сонымен қатар Ш. Мұртаза ең алдымен көрнекті қазақ әдебиетінің өкілі жазушы болғандықтан оның кейбір шығармаларына оның тұлғасын жан-жақты ашу үшін талдаулар жасалды. Мақалада Ш. Мұртазаның басшы ретінде әдеби қызметіндегі бүтін бір журналистік мектеп қалыптастырған ұйымдастырушылық қабілетіне де бағам берілді. Сондай-ақ Ш. Мұртазаның Тұрар Рысқұловты халқымызға танытудағы орасан зор шығармашылық еңбегіне де шолу жасалды. Мақалада Ш. Мұртаза тұлғасын кең көлемде жан-жақты аша отырып, Тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық саяси өміріндегі өзгерістерге қоғам қайраткері әрі жазушы ретінде қосқан орасан зор үлесі сараланып, оның күрескерлік тұлғасы айқындалды.