Abstract
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес жергілікті мемлекеттік басқаруды сол әкімшілік-аумақтың әкімдігі және мәслихаты жүзеге асырады. Заңнамаға сәйкес әкімдікке – жергілікті атқарушы органның, ал мәслихатқа – жергілікті өкілді органның функциясын жүзеге асыру құзыреті берілген. Осыған дейінгі академиялық зерттеулердің нәтижелері республиканың жергілікті әкімшілік-аумақтық құрылысында маңызды рөл алатын мәслихаттар институты қызметінің тиімділігін арттыру үшін әрі қарай жетілдіруді қажет ететін компоненттердің барын анықтады. Жетілдіруді қажет ететін компоненттердің бірі ретінде жергілікті өкілді органның құрамында әкімшілік-аумақтағы әлеуметтік стратификацияның мейлінше көбірек өкілдігін қамтамасыз ету үшін депутаттар санын көбейту ұсынылды. Бұл мақала осы ұсыныстың ғылыми негізділігін зерделеу мақсатында жазылды. Мақала авторлары ретроспективалық талдау жүргізу және Рейн Таагепера дәлелдеген санның үшінші дәрежесінің түбірі моделінің көмегімен облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы және астанадағы мәслихат депутаттары сандық құрамымен демографиялық жағдайды салыстырды. Жүргізілген зерттеудің нәтижесі мәслихат депутаттарының санын көбейту қажеттілігі туралы ғылыми және сарапшылық пікірді қуаттады. Мақала нәтижесі жергілікті билік органдарын күшейту контекстінде практикалық маңыздылыққа ие, ал теориялық маңыздылығы жергілікті басқару саласындағы академиялық дискуссияға қосатын үлесімен анықталады.