Abstract
Аударма – мақсатты мәтіннің мағыналық, мәдени және прагматикалық аспектілерін басқа тілде беру процесі. Алайда фразеологиялық және мәдени негіздегі тұрақты тіркестерді аудару аудармашылар үшін күрделі мәселе болып қала береді, себебі олар мәдени мәнге қанық әрі ұлттық ерекшеліктерді қамтиды.Осы ғылыми мақаланың негізгі мақсаты – Әбіш Кекілбаевтың қазақ тілінен түрік тіліне аударылған «Үркер» романындағы фразеологизмдерді аудару барысында туындаған қиындықтарды және оларды еңсеру үшін қолданылған аударма стратегияларын кешенді түрде зерттеу.Зерттеу бірнеше негізгі бағыттан тұрады. Алдымен «фразеологизм» терминіне теориялық тұрғыдан анықтама беріліп, оның аударма мәнмәтініндегі қызметі сараланады. Романдағы фразеологизмдер қазақ халқының мәдени болмысын, тарихи санасын бейнелеу тұрғысынан ерекше мәнге ие болғандықтан, оларды аудару барысында мәдени коннотация мен символикаға баса назар аудару қажет. Сонымен қатар, қазақ және түрік фразеологизмдерін аударуда қолданылатын негізгі стратегиялар сандық және сапалық талдау әдістері арқылы зерттеледі.Мақаланың ғылыми маңыздылығы – «Үркер» романындағы фразеологизмдерді дереккөз ретінде ала отырып, олардың түрік тіліне аударылуында қолданылған стратегиялардың түрлері мен жиілігін жүйелі түрде талдаумен айқындалады. Талдау нәтижесінде келесі төрт мәселе анықталды:1. Ең жиі қолданылатын стратегия – сөзбе-сөз аударма мен семантикалық балама; олардан кейін парафраз, түсіру және басқа тәсілдер кездеседі.2. Кейбір жағдайларда сөзбе-сөз аударма нәтижесінде қазақ фразеологизмдері түрік тіліндегі лексикаға сақталып енген.3. Сөзбе-сөз аударылған тіркестер кейде «жат» немесе түсініксіз болып қабылданып, оқырманның қабылдауына кедергі келтіруі мүмкін.4. Фразеологизмнің мағынасы дұрыс ашылмаған жағдайда, сөзбе-сөз аударма сәтсіздікке ұшырайды.Аударма стратегияларының табиғаты, олардың қолданылу себептері мен аударылған мәтінге ықпалы, сондай-ақ қазақ және түрік тілдеріне әсері тереңірек зерттеліп, бұл талдау жұмыстың практикалық маңызын арттыра түседі.