Abstract
Мақалада ерте темір дәуірімен мерзімделген Тарбағатайдағы Елеке сазы 2, 4 қорымдарындағы қатардағы қауым мүшелері жерленген 16 обаны кешенді зерттеу нәтижелері ұсынылған. Барлау жұмыстары барысында Елеке сазы-2 қорымында 170 оба, ал Елеке сазы-4 қорымында 56 оба тіркелді. Қорымдардың әрқайсысында ақсүйек өкілдер жерленген бірнеше оба бар. Зерттеу барысында жерлеу құрылыстарының екі түрі анықталды. Нысандардың басым көпшілігінде топырақ қабірлер болса, екі жағдайда тас жәшіктерге жерлеу тіркелген. Барлық қабір шұңқырлары шығыс-батыс осінің бойында орналасып, ал жерленгендердің бастарын батысқа қарай бағыттаған. Жерлеулер алуан түрлі заттық кешеннен тұрады, олардың ішінде рәсімдік сипаттағы, ат әбзелдері, зергерлік бұйымдар және т. б. заттар бар. Обалардың жер үсті және қабір ішілік құрылымдары, сондай-ақ заттық кешені Шығыс Қазақстанның ерте көшпелілерінің жәдігерлеріне біршама ұқсас. Жерлеу ғұрпы мен материалдық мәдениет заттарын талдау, сонымен қатар радиокөміртекті мерзімдеудің нәтижелері зерттелген ескерткіштерді ерте (б.д.д. VII–V ғғ.) және кейінгі сақ (б.д.д. IV–II ғғ.) дәуірлеріне жатқызуға мүмкіндік берді. Тамақтану жүйесін анықтау үшін қабірден алынған сүйектің коллагеніндегі көміртегі мен азоттың тұрақты изотоптарының құрамына талдау жүргізілді. Алынған деректер адамдардың C4 өсімдіктерін тұтынғандығын көрсетеді, бұл көбінесе тары негізіндегі тағамды жүйелі түрде пайдаланумен байланысты.