Abstract
Қазіргі әлемде әртүрлі халықтардың тілдері мен мәдениетін зерттеу ерекше маңызға ие. Мәдениеттің маңызды аспектілерінің бірі - отбасы мен қоғамдағы адамдар арасындағы қарым-қатынастың ерекшеліктерін көрсететін отбасы концептісі. Мақалада туыс емес тілдер, яғни қазақ, ағылшын, қытай паремияларының лингвомәдени қыры, оның ішінде қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі қайын ене мен келін арасындағы қарым-қатынасы зерделенді. Мақаланың өзектілігі бірнеше тілдегі отбасылық қатынас тақырыбындағы мақал-мәтелдерді салғастыра зерттеу болып табылады. Тіл білімінің этимиологиялық әдісі арқылы үш тілдегі «ене», «келін» ұғымдарының мәні ашылды. Автор ағылшын және қытай лингвистикалық дәстүрін қазақ мәдениетімен отбасылық қатынастар аясында салғастырмалы, семантикалық талдау арқылы бірқатар ұқсастықтар мен айырмашылықтарды анықтады. Лингвомәдениеттанымдық талдау үш тілдегі паремияларда ене мен келін қарым-қатынасының жағымды, жағымсыз компоненттерін айқындады. Зерттеудің жаңашылдығы қазақ тіл біліміндегі лингвомәдениеттану аясында қазақ, ағылшын, қытай паремиологиясы бойынша тың тақырыптың қозғалуында. Зерттеу нәтижелері лингвистер, мәдениет зерттеушілері және мәдениетаралық қатысым саласындағы мамандар үшін пайдалы болуы мүмкін.