Abstract
Кез келген қызметтің сапасын бағалау сол қызметтің негізгі көрсеткіші болып табылады. Ал Қазақстандағы ғылыми және оқу саласында аударма сапасын бағалауды (бұдан әрі – АСБ) жетілдіру бойынша ұсынымдарды шетел ғалымдарының тұжырымдарына сүйене отырып зерттеу жұмыстарын жүргізу, АСБ-дың нақты критерийлерін қалыптастыру, тарату және енгізуге дайындау бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Қазақстанда бұдан бұрын жасалған аудармаларға тұтынушылардың қанағаттануы бойынша ресми түрде әлеуметтік зерттеу жұмыстары жүргізілмеген, сондықтан «сыртқы сапаны бағалау» ұғымын енгізу еліміздегі аударма ғылымы мен дидактикасы үшін жаңалық болмақ. Ғылыми жобаның мақсаты – аударма тұтынушыларының көзқарасы бойынша ғылыми аударма сапасын сыртқы бағалау процедурасын әзірлеу және жүзеге асыру. Ұлттық аударма бюросы қоры басып шығарған, қазақ тіліне аударылған 5 филология оқулығын пайдаланушылардың сыртқы АСБ ретіндегі реакциясына талдау жүргізу. Ғылыми және білім беру аудармасының сапасына сыртқы бағалау жүргізу үшін әлеуметтік лингвистикалық ретроспективті әдістер қолданылды (филология, аударматану пәндерінің оқытушыларымен сұхбаттасу және қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттерімен мазмұнды талдау түріндегі сауалнама жүргізу). Сауалнама нәтижелері жалпыланған топтық объективті пікір алу және оның жүйелілік дәрежесін бағалау үшін статистикалық әдістерді қолдану арқылы өңделді.