Abstract
Метеорологиялық жағдайлар атмосферадағы ластаушы заттар шығарындыларының жиналуы немесе таралуында маңызды рөл атқарады. Яғни, атмосферадағы ластаушы заттар концентрациясы тек тасталымдар арқылы ғана емес, сонымен қатар метеорологиялық жағдайлар арқылы да бақыланып отырады. Әр түрлі ауа-райы факторлары ауаның зиянды қоспалармен ластану деңгейіне әр түрлі әсер етеді. Үнемі белсенді табиғи факторлар - атмосфералық қысым, ауа температурасы, желдің жылдамдығы мен бағыты, ылғалдылық және ауа райының қайталанатын құбылыстары (жауын-шашын, тұман және т.б.) - зиянды заттардың концентрациясын белгілі бір комбинацияларда, синоптикалық жағдайларда және атмосфераның физикалық күйінде (стратификация) ондаған рет өзгерте алады. Қолайсыз ауа райы жағдайлары жыл сайын байқалады және жыл мезгіліне қарамастан орын алуы мүмкін. Осыған байланысты қолайсыз синоптикалық жағдайларды үнемі бақылау қажет. Атмосфералық қысымның таралуы, қарқындылығы, ұзақтығы және өзгеру жиілігі айналым жағдайларын, атмосфераның стратификациясын, ауа-райының сипатын және жалпы климаттық режимді қалыптастырады. Мақалада ластаушы заттар концентрациясы (азот диоксиді, азот оксиді, көміртек оксиді, күкірт диоксиді) мен метеорологиялық жағдайлар арасындағы байланыс көрсетілген. Мәліметтер жаз, күз, қыс айларында алынып, салыстырылды.