Abstract
Мақалада Жошы Ұлыстық Сарайшық қаласының қыш бұйымдарының зерттелу тарихы қарастырылады. Сарайшық – ХІІІ-ХVІ ғасырларда Шығыс пен Батыс әлемін байланыстырып, Ұлы Жібек жолының үстінде орналасқан, білімі мен ғылымы өркендеген, қолөнері мен саудасы дамыған қалалардың бірі болды. Жайық өзенінің оң жақ жағалауында орналасқан, тоғыз жолдың торабы ретінде жұртшылыққа белгілі. Орта ғасырларда қыш өндірісі дамудың жаңа сатыларынан өтіп, бұйымдардың түрлері көбейеді. Сарайшық секілді қаланың қыш бұйымдар өндірісіне транзиттік керуендер арқылы келетін қыш ыдыстар, тауарлар тасымалдауға арналған ыдыстардың ықпалы зор болған. Оны қаладан табылған Қырым, Кавказ, Төменгі Еділ бойы, Хорезм өңірлерінің қыш өндірісі белгілері дәлелдеген. 1909 жылы Сарайшық қаласы орнынан шамамен 2 сажын тереңдіктен табылған құмыраның сыртқы бетінде шығыстың көрнекті ақыны Жүсіп Баласағұнның ХІ ғасырда жарыққа шыққан «Құтты білік» атты дидактикалық поэмасынан үзінді жазылғаны белгілі болды. Сарайшықтың қыш бұйымдар кешенінде түрлі пішінді сырланбаған қызыл түсті қыш ыдыстардың саны басым келген. Одан кейін сұр түсті және қалыпталған қыш ыдыстар түрлері орын алады. Сырланған қызыл түсті қыштан және кашин балшығынан жасалған қыш ыдыстар түрлері кешенді толықтырады. Қыш ыдыстар ішінде шеттен тасымалданған импорттық бұйым түрлері де бар. Қыштан жасалған сәулеттік әшекейлер де кешеннің ажырамас бөлігін құрайды.