Abstract
2024 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты (Алматы, Қазақстан) мен Ресей ғылым академиясының Археология институты (Мәскеу, Ресей) арасындағы археология саласындағы Ғылыми ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына бес жыл болды. Бұл қысқа мерзімде екі ғылыми ұйым арасындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру барысында Алматы облысында палеолит дәуірінің қабатталған жаңа ескерткіштер тобы ашылып, құжатталып, зерттеліп, ғылыми айналымға енгізілді, тас ғасыры мәселелеріне арналған дала семинары – халықаралық конференция ұйымдастырылды, Рахат тұрағының маңында эксперименттік жұмыстар жүргізілді. Қазақстан-Ресей бірлескен палеолиттік экспедиция жұмыстары «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығымен, Таңбалы мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығымен, Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталықпен және РҒА-ның Материалды мәдениет тарихы институтымен бірге тығыз ынтымақтастықта іске асырылды. Негізгі зерттеу жұмыстары 28 мың жыл бұрынғы – 19,4 мың жыл бұрынғы уақытпен мерзімделіп, 16 мәдени қабаты анықталған Рахат көпқабатты ескерткішінде жүргізілді. Бұл жоғарғы палеолиттің әртүрлі кезеңдері мәдениеттерінің өзгеруі үдерісін соңғы суық түсу максимумының жаһандық климаттық өзгерістер тұрғысынан зерттеуге мүмкіндік беретін бірегей ескерткіш. Ескерткіш бойынша жұмыс нәтижелері ғылыми көпшілікке 2022 жылы ұсынылды. Соңғы жылдары Рахат тұрағынан басқа Ұзынағаш 1-3 және Сарыжазық 1-4 тұрақтарының зерттеулері басталды. Қаржыландыру көзі: Мақала ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің 2022–2024 жж. арналған гранттық қаржыландыру аясында дайындалды, жобаның ЖТН AP14872494 (барлау-қазба жұмыстары, мәтін дайындау, көрнекі материал) және РҒҚ гранты №23-18-00329 (талдау жұмысы, көрнекілік материал дайындау, Рахат, Ұзынағаш 1-2 тұрақтарының қазбалары).