Abstract
Аңдатпа. ХХ ғасырдың бірінші жартысында дәстүрлі аспаптар негізінде, арнайы халық аспаптар оркестрі үшін ішекті-ысқышты хордофондар қазақ прима-қобызы, қырғыз прима-кыяғы және өзбек гиджагы модернизацияланды (Эрих Мориц фон Хорнбостель және Курт Закстың классификациясы бойынша прима-қобыз және прима-қыяқ 321.322-22-71, ал гиджак 321.311-71 индексіне сәйкес). Уақыт өте келе қарқынды дамуға ие болып, оркестрлік орындаушылық шеңберден шығып, жеке аспап ретінде де кеңінен қолданыла бастады. Бүгінгі күнде бұл аспаптардың орындаушылар легі көбейіп, мектеп болып қалыптасты. Өз мемлекеттерінің музыка мәдениетінде айрықша орын алатын болды. Осыған байланысты олардың орындаушылық репертуарын зерттеу қажеттілігі туындады. Мақаланың басты мақсаты аспаптардың репертуарын салыстырмалы түрде зерттеп, ерекшеліктерін көрсету болып табылады. Осы мақсатқа жету үшін жетілдірілген ішекті-ысқышты хордофондардың (прима-қобыз тектес) қысқаша сипаттамасы берілген. Орындаушылық репертуар мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп, сондай-ақ ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтауға назар аударылады. Әртүрлі халықтардың репертуары мен аспаптары салыстырмалы түрде қарастырылғандықтан, салыстырмалы-типологиялық, салыстырмалы-тарихи әдістері мен жүйелі-этнофониялық (Игорь Мациевский) тәсілі қолданылды. Мақалада автор репертуарды жақсарту және кеңейту бойынша практикалық ұсыныстар беріп, сонымен қатар, репертуарды түркі және Орталық Азия халықтарының аспаптарына арналған шығармаларды қосу арқылы кеңейту қажет екендігін белгілеп кетті. Көтерілген сұрақтар Орталық Азияның басқа республикаларының зерттеушілері мен мамандарын қызықтыруы мүмкін. Сонымен бірге, осы саладағы ғылыми әзірлемелер олар туралы неғұрлым айқын түсінік қалыптастырып қана қоймай, олардың одан әрі дамуына ықпал етеді.