Аннотация
Қазақ халқы мұрасында музыка өнерінде үлкен орын алып, атадан балаға, ұстаздан шәкіртке, қолма-қол беріліп келе жатқан дәстүрлердің көбісі – ән-күй дәстүрі. Осы ән-күй мектеп дәстүрінің бірі – Арқа күйшілік дәстүрі. Арқа күйшілік дәстүрінің шертпе күй өнеріндегі орнын, орындаушылық мәнерін ажыратып қарастырған еңбектің аздығы көпшілікке мәлім. Арқа күйшілік дәстүрінің ерекшелігі бүгінгі күнде даму үстінде. Соның әуендігін, ырғақтығын, қағыстарын, орындаушылық мәнерін жеткіздіріп қолдана білу – үлкен дәстүрдің құндылығын көрсетеді. Ол күйшілердің шығармашылығында, фортепианоның сүйемелдеуінде, ансамбльге, оркестрге, фольклорлық және халық аспаптарына түсірілген шығармаларда анық байқалады. Бүгінгі күнде Арқа өңірінің күйшілігін дамытуда, балаларға күй үйретуде алдына жан салмай, үлкен еңбек атқарып, балалар музыка мектептерін ашқан күйші-композитор Сүлейменов Оспан Сүлейменұлы осы мақаламның негізгі зерттеу көзі болады. Бүгінгі күнде автордың шығармашылығын аша отырып, Ақмола өңірінің өзгешелігін байқаймыз. Көптеген жергілікті күйшілердің өмірбаяны мен шығармашылығымен танысамыз және зерттелмей, көзден тыс қалған мектептің барына көзіміз жетеді. Мақаланы жазу барысында Арқа күйшілік мектеп туралы көптеген еңбектермен таныстық, автордың өзімен сұхбат жүргізілді, газет-журналдардан ақпарат жинастырылып, бір жүйеге келтірілді. Оспан Сүлейменовтың жүріп өткен сара жолы, жасаған еңбектері туралы ақпарат беріледі. Осы ғылыми-ізденістік жұмысты жүргіздіре отыра біз біраз жаңалық пен нәтижеге келдік: дәстүрлі оқыту әдісінің Ақмола өңірінде жоғалмай жалғасын табуында, Арқа күйшілік мектебінің қалыптасуында және күйшілердің шығармаларының насихатталуында. Осыған сүйене отыра бұл бағыт болашақта зерттеуші ғалымдарға, оқырман қауымға және де Арқа күйшілік мектебін зерттеушілерге қызықты әрі пайдалы ақпарат болады деп есептейміз