Аннотация
Мақалада проблемалық оқыту әрекеттері арқылы география сабақтарында білім алушылардың пәнаралық ойлауын дамыту мүмкіндіктері анықталған. Зерттеу табиғи ресурстарды пайдалану мәселелерін экологиялық, экономикалық және әлеуметтік факторлардың өзара байланысы тұрғысынан қарастыруға негізделген. Пәнаралық және проблемалық оқытуға негізделген арнайы ұйымдастырылған оқу ортасы білім алушылардың күрделі мәселелерді кешенді талдау, әртүрлі пән білімін интеграциялау және сын тұрғысынан ойлау дағдыларын дамыту қабілеттерін арттыруға ықпал етті. Зерттеу Алматы қаласындағы Рахым Сәрсенбин атындағы № 192 жалпы білім беретін мектептің 9-сынып білім алушылары арасында жүргізіліп, бақылау және эксперименттік топтарға бөлінді. Эксперименттік топта пәнаралық ойлауды дамытатын проблемалық және жағдаяттық тапсырмалар жүйелі түрде пайдаланылды. Бұл зерттеу пәнаралық мәселелерді шешуді мектептегі география сабақтарына практикалық түрде қалай интеграциялауға болатынын көрсетеді. Алынған деректер бейпараметрлік Манн-Уитни U-критерийі және тәуелсіз таңдамаларға арналған t-критерийі арқылы өңделді. Нәтижелер эксперименттік топтағы пәнаралық ойлау деңгейі бақылау тобына қарағанда статистикалық мәнді түрде жоғары болғанын көрсетті (p<0,001). Зерттеу нәтижелері географиядағы пәнаралық проблемалық оқыту әдістерінің тиімділігін дәлелдейді және білім алушылардың күрделі әлеуметтік-экологиялық мәселелерді түсіну мен шешу қабілеттерін дамытуға әдістемелік негіз береді.