Аннотация
Сөйлеу тілі жалпы дамымауы бар балалардың сөйлеу тілі ерекшеліктерін зерттей отырып, Қ.Қ. Өмірбекова, М.С. Грушевская, Г.Б. Ибатова, Р.Е. Левина, Т.Б. Филичева, Г.В. Чиркина, т.б. сияқты авторлар осы бұзылыс құрылымындағы грамматикалық компоненттің бұзылуының маңыздылығын атап өтті. Сөйлеу тілінің жүйелі бұзылыстары бар бастауыш сынып оқушыларының санының тұрақты өсуіне байланысты сөйлеу тілінің грамматикалық құрылымдарын дамыту және түзету мәселесі қазіргі логопедиядағы ең маңызды және өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Бұл мақалада біз сөйлеу тілі жалпы дамымаған ІІІ деңгейдегі бастауыш сынып (2 сынып) оқушыларының грамматикалық түсініктерінің, соның ішіндегі сөз өзгерту дағдылары – көптік, жіктік жалғаулары ерекшеліктерін анықтадық. Зерттеу барысында көптік және жіктік жалғауларының меңгерілу деңгейінде айтарлықтай қиындықтар байқалды. Бұл қиындықтар баланың сөйлеу тілінің даму деңгейімен, грамматикалық құрылымды түсінуі мен оны дұрыс қолдану дағдыларының жеткіліксіздігімен тікелей байланысты.